1-маусымда "Нұрлы жол" жаңа вокзал кешені алғашқы пойыздарды қабылдай бастады. Алғашқы болып "Қарағанды – Астана" электрпойызы келді, деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі.
"Сарыарқа" электрпойызымен елордасына алғашқы 200-ден астам жолаушы келіп жетті.
Пойыздың аға жолсерігі Лаура Жәркенова: "Біз жолаушыларға пойыздың жаңа вокзалға тұрақтайтындығын алдын ала айттық. Шындығын айту керек, жаңа вокзалға алғашқы болып келетіндігімізге қуанғанымызбен біз қатты қобалжыдық. Есте қаларлықтай тарихи оқиға болды", - дейді жолсерік.
Жолсеріктің айтуынша, "Қарағанды – Астана" бағдарындағы жаңа жылжымалы құрамында жолаушыларға барлық қолайлы жағдай жасалған. Вагондарда ауа баптағыш, жолаушылар ағынын тіркеп, сараптап отыру үшін бейне бақылау жүйесі орнатылған".
Вокзал кешені бастығының кезекші көмекшісі Е.Рымбаевтың айтуынша, мұнда жұмыс жасау жас мамандар үшін өз мүмкіндігін барынша көрсетуге ыңғайлы.
"Біз арнайы дайындықтан өттік. Барлық шетелдік қонақтарға тиісті ақпараттарды түсіндіре аламыз. Теміржол саласында қызмет етіп, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын көтеру біздер үшін үлкен жауапкершілік жүктейді",-дейді Е. Рымбаев.
Бүгін, 1-маусымда жаңа вокзал кешеніне Павлодар, Маңғыстау жолаушылар пойыздары келіп тоқтаса, осы станциядан Шымкент, Көкшетау, Алматы бағдарына пойыздар жіберілді.
Жаңа вокзал кешені 54 пойызға қызмет көрсетеді. Оның 22-сі "Тұлпар-Тальго" жүрдек пойызы, 16-сы қарапайым пойыздар, 16-сы қалааралық пойыздар.