8 наурыз күні Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы стадионда "Ордабасы" футбол клубы елордалық "Астанамен" кездесті. Матч қорытындысы бойынша елордалық футболшылар 3:0 есебімен жеңілді. Бұл ойынға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, "Ордабасы" футболшыларын жігірлендіріп отырды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жергілікті жанкүйерлердің ерекше қолдауын сезінген ордабасылықтар ойынның 15-минутында есеп ашты. Мардан Төлебек айып добын шебер орындап, Ненад Эричті қапы қалдырды. Алма-кезек шабуылға толы өткен матчтың бірінші кезеңі 1:0 есебімен аяқталды. Ал екінші кезеңде "Астана" футболшылары ойын тізгінін өз қолына алғандай болған. Кабананга бастаған шабуылшылар жиі-жиі соққы жасауға тырысты. Алайда кездесудің 75-минутында "Ордабасының" жартылай қорғаушысы, команда капитаны Азат Нұрғалиев екінші голдың авторы атанды.
Екі гол жіберіп алған астаналықтар есеңгіреп-ақ қалды. Осыны тиімді пайдаланған ордабасылықтар 89-минутта үшінші голды соқты. Сенегалдық Абдулай Диакате қақпа алдындағы қарбаласта ұрымтал тұста соққы жасап "Ордабасыға" жеңіс сыйлады.
Айта кетейік, матчтың 34-минутында "Ордабасы" капитаны Самат Смақов жарақат алып, оның орнына алаңға ресейлік "Урал" командасынан ауысып келген аргентиналық Пабло Фонтанельо шыққан болатын.
Айтпақшы, "Ордабасының" биылғы құрамы Таңат Нөсербаев, Азат Нұрғалиев, Мұхтар Мұхтаров, Талғат Адырбеков, Отар Марцваладзе, Гогуа Гогита, сынды тәжірибелі футболшылармен толығып отыр. Ендігі мақсат – шеберлігі шыңдалған футболшыларды тиімді пайдаланып, оларды командалық ойынға ұжымдастыра білу қажет. Сонда ғана талай жылдан арман еткен ел чемпионатының жүлдесі қоржынға түсуі бек мүмкін.
"Ордабасы" командасы 1-тур ойындарының қорытындысында "Тобылдан" кейінгі екінші орынға жайғасты. Жерлестеріміз ендігі ойында, яғни 12 наурыз күні өз алаңында "Атырау" командасын қабылдайды.