Былтырдан бастап "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ "Менің елім" атты әлеуметтік инвестицияға арналған бағдарламаны іске қосты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Бағдарлама аясында компанияның "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры еліміздің аймақтарын инфрақұрылым жүйесін дамытуға, әлеуметтік нысандарды жаңғыртуға көмектеседі.
Компания бірнеше өңірде жүзеге асырып жатқан "Менің елім" бағдарламасын біздің облыста іске қосуға мүдделі. Бұл жайлы облыс әкімі Алтай Көлгінов "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қорының өкілдерімен кездесуінде айтты.
"Биыл Орал қаласында балалардың ойын алаңын салуға 32 жобаның құжаттамасы дайындалды. Біздің өңірде жол мәселесі күрделі болғандықтан, қомақты бюджет қаржысын жол жөндеуге бөлдік. Шаһарда жаңа автокөпір салынып жатыр. Биыл Орал қаласында балаларға арналған 13 ойын алаңын жаңадан саламыз. Сондықтан бұл бағыттағы инфрақұрылымды дамыту үшін "Samruk-Kazyna Trust" қорының өкілдерімен келіссөз жүргізбекпіз", – дейді облыс әкімі Алтай Көлгінов.