"Шәкәрімнің саят қорасы" музейі ашылды

3152

Биыл Алаш арыстарының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толды.

"Шәкәрімнің саят қорасы" музейі ашылды Фото: altaynews.kz

Алаш арыстарының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толды. Осыған орай Абайдың "Жидебай-Бөрілі" қорық-музейінің бастамасымен "Шәкәрімнің саят қорасы" музейі ашылды, деп хабарлайды kaz.altaynews.kz.

 "1925-ші жылы Шақпақ тауының күнгейінде бой көтерген саят қора маңында шошала, айналдыра салынған пішен қора, ат қорасы болған. Бұл жерде ақынның мәңгі өлмес туындылары, тарихи – философиялық, поэзиялық шығармалары дүниеге келген, –  деген киелі орын жайлы естеліктер қалдырған Шәкәрімнің ұлы Ахат.

Қарауылдан 100-120 шақырым жердегі Саят қора саз кірпіштен тұрғызылыпты. Алайда уақыт өте келе ол бұрынғы қалпын жоғала бастаған. Әйтсе де ойшылдың 160 жылдығы аясында оған күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Музей кіреберісі қайта қаланып, жаңаша бой көтерген. Ұзындығы 14 метр, ені 4,5 метрді құрайтын қоспа ғимараттың биіктігі 4,7 метрді құрайды.

Құрылыс жұмыстары шілденің соңында аяқталып, бірқатар жәдігерлер жеткізілген екен. Олардың ішінде ат әбзелдері, жабайы аң терілері, шежіре мен танымдық материалдар, сол заманның тұрмыстық заттары бар. Сол секілді Шәкәрімнің замануи материалдан сомдалған мүсіні қойылған.

Айта кетейік, биыл Алаш арысының 160 жылдығына байланысты, сонымен қатар "Shakarim.kz" сайты ашылған еді. Бұған қоса Қазақстанның өзге аймақтарында жылжымалы көрмелер ұйымдастырылып, шәкәрімтануға қатысты ғылыми еңбектер мен зерттеу мақалалары жарық көрген-ді. Осы бағыттағы жұмыстарды Абайдың "Жидебай-Бөрілі" қорық-музейі алдағы уақытта да жалғастырмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу