"Шымкент-сити" жобасы аясында 300-ден астам үй салынады

637

"Шымкент-сити" жобасы аясында 300-ден астам үй салынады

Шаһардың ішіндегі қалаға айналуы тиіс нысанның жалпы көлемі 427 га. Қалашық 70 мыңға жуық тұрғынға есептелген. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтің айтуынша, мұнда 370 үй салынады. 9, 12, 16 қабаттан тұратын баспаналар құрылысының орталығында 49 га саябақ алаңы орналасады.

Жобалаушылардың айтуынша, "Шымкент-сити"-де жанға жайлы қажеттіліктің бәрі қарастырылмақ. Әлеуметтік нысандар – мектептер мен балабақшалар, емханалар және шаһарлықтардың бір сәт тынығатын орындары бой көтереді.

"3500 көрерменге арналған киноконцерт залын салуды ұйғарып отырмыз. Мұнан бөлек, әзірге, біз "Шымкент-арена" деп атап отырған спорт кешені бой көтереді. Мұнда ең бастысы, шаһар тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау. Жобамыздың ішінде ауданы 24 га бизнес-орталықтың құрылысын салу да көзделген", – дейді Нұралхан Көшеров.

Әкім орынбасарының мәлімдеуінше, қазір "Шымкент-сити"-де көше құрылысы мен 10 үйдің инженерлік коммуникациялық жұмысы жүргізіліп жатыр.

Нұралхан Көшеровтің айтуынша, бұл жұмыс "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр.  Жұмыс биыл бітсе, келесі жылы пайдалануға беру жоспарда тұр. Ал жолдың басым бөлігі осы жылы төселмек.

Ал қалашықтағы аяқжол мен велосипедке арналған көшелерді салу кезегі келесі жылдың еншісінде. Өйткені, аяқжол түсетін нысандарға биыл коммуникациялық қажеттіліктер жүргізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу