Алматыда 19-21 сәуір аралығында "Атакент" ҚІЫО павильондарында KITF 2017 "Туризм және саяхат" халықаралық туристік көрмесі өтеді.
KITF көрмесі – Қазақстан мен Орталық Азиядағы туризм және саяхат саласындағы ең ірі форум. Үш күн ішінде алаң бүкіл әлемнен турбизнес мамандарын жинайды, олар көрмеде ең тиімді ұсыныстар, ең жаңа бағдарламалар мен негізгі шешімдер әзірлейді, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Көрме экспоненттері туризм бойынша ұлттық және өңірлік басқармалар, Қазақстанның және шетелдің туроператорлары, курорттық қонақ үйлер мен орналастыру нысандары, әуе компаниялары мен интернет брондау жүйелері.
Сондай-ақ Доминикан Республикасы, Болгария, Грекия, Грузия, Мысыр, Индонезия, Испания (Каталония өңірі), Үндістан, Иордания, Қытай, Куба, Марокко, Ресей (Ставрополь өлкесі), Таиланд, Түркия, БАӘ (Шаржа әмірлігі) және Оңтүстік Кореяның елшіліктері мен бейінді мемлекеттік мекемелері де қатысуға өтініш білдірді.
Көрменің іскерлік бағдарламасы Қазақстандағы туристік саланы дамыту, туризм саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету тақырыптарына арналған конференциялар мен дөңгелек үстелдерді, халықаралық және отандық туристік нарық мүмкіндіктерімен таныстырады.