"Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы" жылының ашылу салтанаты өтті

827

"Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы" жылының ашылу салтанаты өтті

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында "Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы" іс-шарасының салтанатты ашылуы мен Наурыз мерекесіне арналған Түркі әлемінің "Наурызнама" шарасы өтті, деп хабарлайды inform.kz.

Түркі елдерінің тағдырын тоғыстырған киелі Түркістан төріндегі дүбірлі шараға 23 мемлекеттен келген 300-ге тарта шетелдік қонақ, халықаралық ұйым өкілдері, қазақстандық зиялы қауым және өнер тұлғалары, бұқаралық ақпарат құралдары мен оңтүстікқазақстандық тұрғындар, яғни жалпы саны 10 мыңға жуық адам қатысты.

Мерекелік шараға келген меймандар, ең алдымен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның айналасына жерленген қазақ хандары, абыз-әулиелері, билері мен батырларына арналған пантеонмен танысты. Бұдан кейін қонақтар, Қ.А.Ясауи кесенесін зиярат етіп, "Қасиетті тудың жаңғыртылуы" қойылымын тамашалады.

Мұнан соң, рухани астанаға келген меймандар Түркістан тарихи музейін аралап, ондағы жәдігерлермен танысты. Ал қолөнер шеберлерінің ауылына бас сұққан халайық түрлі бұйымды өздігінше жасап көріп, бір сәт бағзы заманға тап болғандай әсер алды.

Іс-шараның салтанатты ашылуында сөз бастаған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев барша жұртшылықты "Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы" атанған жылдың басталуымен құттықтап, осы абыройлы міндетті бірлесіп өткізуге шақырды.

"Түркі әлемінің бүгінгі замандағы кемеңгер көшбасшысы – президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "ТҮРКСОЙ" түркі әлемінің ЮНЕСКО-сына айналуы тиіс" деген болатын. Осы ТҮРКСОЙ ұйымы түркі әлемінің мәдени астаналарын таңдау жобасын 2012 жылдан бері жүзеге асырып келеді. ТҮРКСОЙ ұйымы шынында да түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сына айналды", – дейді Жансейіт Қансейітұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу