"Жасыл ел" жалақыны кешіктірмеуге уәде берді

1221

"Жасыл ел" жалақыны кешіктірмеуге уәде берді

Биыл "Жасыл ел" ұйымы жалақыны кешіктірмейді. Бұл жайында Бурабайдағы еңбек маусымының ашылуында ұйым жетекшісі Әсем Мадекешова мәлімдеді, деп хабарлайды abctv.kz. 

2005 жылы құрылған ұйым бірнеше жыл қатарынан жұмыспен қамтылған жастардың жалақыларын кешіктіруге байланысты даудан арылмай келген еді. 2017 жылы республикалық штабқа бөлінген қаражат тікелей облыстық әкімдіктерге аударылып, жергілікті ұйымдарға үлестіру арқылы шешілген. Әсем Мадекешованың айтуынша, 2018 жылы жалақы мәселелері туындамайтын болады.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жастар саясаты департаменті басшысы Асқат Ораловтың айтуынша, 895 млн теңге облыстық жастар саясаты басқармаларына аударылып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесі бойынша өңірлік ұйымдарға үлестірілген. Бұл қаражат 18 мың жасты жұмыспен қамтуға арналған. 

Алайда, министрлік бөлінген қаражат тек қосымша төлемақы ғана. Еңбек жасақтарының негізгі жалақысын жұмыс беруші анықтайды. Ең кемі – 27 000 теңге. Ал көптеген аймақта 100 мың жалақы алатын "жасыл сарбаздар" бар. Бүгінде "Жасыл ел" 300-ден астам кәсіпкермен серіктестік орнатқан. 

Жыл сайын жалақы көлемімен қатар жұмыс бағыттары да көбеюде. Мысалы, Атырау мен Павлодар облыстарында арxеологиялық жасақтар жұмыс істесе, Алматы мен Ақтөбе облыстарында жылыжайлар салып, жергілікті өнімдерді көбейту бағытында жұмыс басталмақ. Бұл мақсатта облыстық әкімдіктер жылыжай салуға қажетті жер учаскілерін бөліп берген. Ал Ақмола облысындағы Ақкөлде орнитологиялық орталық ашылмақ. 

Бұдан басқа, жастардың еңбек жасақтары ескерткіштерді реставрациялау бойынша көлемді жұмыс атқармақ. Еліміздің 16 облысы мен Астана және Алматы қалаларында арнайы жасақтар құрылған. 

Ұйым 13 жылда 250 мың адамды маусымдық жұмыспен қамтыған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу