Көкшетаудағы полипропилен қапшығын шығаратын фабрика биыл жұмысшы қатарын 1 мың адамға жеткізбек ниетте. Ол үшін жақында өндіріс ошағында 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал жұмысшының барлығы еліміздің оңтүстік аймақтарынан шақырылыпты. Бұл туралы 24.kz. хабарлайды.
Фабрика ай сайын 3 млн данаға дейін дайын өнім шығара алады.
Ал күнгейден келген ағайындарға ең алдымен тұрақты жұмыс пен жайлы баспана ұсынылмақ. Ол үшін қазір фабрика жанынан сыйымдылығы 450 орындық жатақхана салынып жатыр. Тамақ та тегін болады. Алғаш келген бетте жұмысшылар 1 айлық оқыту курсынан өтеді. Оның өзіне фабрика шәкіртақы төлейді.
"Алдағы жылдың қаңтар айында жатақхана пайдалануға беріледі. Оған дейін ОҚО-нан келген жұмысшыларға пәтер жалдап береміз. Олар тек коммуналдық қызметтердің ақысын ғана төлейді. Сондай-ақ отбасылы адамдарға балаларын балабақша мен мектепке орналастыруға көмектесеміз. Ал келешекте жатақхана жанынан өзіміздің жеке балабақшамызды ашу да жоспарда бар. Бұл фабрикада қазір 25 келілік қапшықтардан бастап, үш тоннаға дейінгі жүкті көтере алатын "биг-бэг" қаптарының түр-түрі шығарылады. Алдағы уақытта олардың қатары мен көлемі де көбейе түспек",- дейді кәсіпорын заңгері Руслан Құдабай.