"АрселорМиттал Теміртау" үкіметтің назарына ілікті

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2993

Биылғы он айда ғана Қазақстанда 900-ге жуық қауіпті өндіріс тоқтатылған.

"АрселорМиттал Теміртау" үкіметтің назарына ілікті

Бұл мәлімет үкіметтің бүгінгі отырысында жария етілді. Жиында министрлер кабинетінің мүшелері өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқыға салды. Бұл салада тіксінтетін жайттар көп екен.

Бұл ретте премьер Бақытжан Сағынтаев құзырлы министрліктерге және кәсіподақ ұйымына "АрселорМиттал Теміртаудағы" жағдайға мұқият назар аударуды тапсырды. 

Айтқандай, осыдан бір күн бұрын, кеше еліміздің үкімет басшысы ArcelorMittal вице-президенті Хавьер Лассо Пена мырза бастаған компанияның салмақты делегациясын қабылдап, "жабық есік" жағдайында әңгімелескен болатын. Мұнымен шектелмей, бүгін үкімет мүшелері алдында "АрселорМиттал Теміртау" бас директоры Парамжит Калон ағылшын тілінде баяндама жасап, өз компаниясының мүдделерін қорғаштап бақты.

Оны мұқият тыңдаған Бақытжан Әбдірұлы артынша көңілтолмастығын білдірді.

"Жағдайды түзеуге бағытталған жоспарларыңыздың болғаны, әрине, жақсы. Алайда бұл бағдарламаны 2025 жылға дейін созып жібергендеріңіз жөн емес, бұл – тым ұзақ мерзім. Калон мырзаның өзі де айтып отыр, негізінен, оқиғалардың 70 пайызына құрал-жабдықтардың тозуы ықпал етуде. Жұмысшылардың біліктілігіне, басшылардың жұмысты ұйымдастыруына қатысты да мәселелер бар. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы білім беруге қаржы салынатыны айтылды. Ал мұны 2025 жылға дейін күтудің қандай қажеті бар?!", – деп аң-таң болды үкімет жетекшісі.

Ол жұмысшылар компанияның әлдебір жоспарларын орындау үшін өмірін тәуекелге тікпеулері керектігін нықтады.

"Кеше сіздердің бас компаниядағы басшыларыңыз менде болды және келесі жылдан бастап қосымша, әрі қомақты инвестициялар салатындары туралы айтты. Менің ойымша, сол соманың белгілі бір бөлігін компаниядағы өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де бағыттауға болады. Әйтпесе, сіздерде жыл сайын бұл бағыттағы сандарыңыз азаймай отыр. Министрліктерге де, кәсіподақтарға да "АрселорМиттал Теміртауда" қалыптасып отырған жағдайға айрықша назар аудару қажет болады", – деп баса айтты Бақытжан Сағынтаев.

Өз кезегінде инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек биылғы он айда Қазақстанда, өндірісте 11 апат болғанын, салдарынан 12 адам зардап шегіп, төрт адам қаза тапқанын мәлімдеді. Өндірісте мерт болғандардың көбі – "АрселорМитталда".

"Ағымдағы жылғы 11 апат-аварияның үшеуі топтық жазатайым оқиғаға соқтырды. Оның біріншісі – "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ы Көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасында орын алды: көмір мен газдың жарылысы болды, нәтижесінде 6 адам зардап шекті, соның ішінде 3 адам қаза тапты. Бұдан бөлек, "Богатырь-Көмір" ЖШС-ның "Богатырь" разрезінің дренажды шахтасында газ-ауа қоспасының тұтануы болды, авария нәтижесінде 3 адам зардап шекті. "Ғимарат" ЖШС мұнай базасында мұнай өнімдерінің тұтануы болды, нәтижесінде 2 адам зардап шекті, 1 адам қаза тапты. Барлық апат-авария жағдайлары бойынша тексерулер жүргізілді, себептері анықталды, оларды жою бойынша іс-шаралар әзірленді, орындалуына бақылау жүргізілуде", – деді Жеңіс Қасымбек.

Еске сала кетсек, ArcelorMittal – әлемнің ірі металлургиялық компаниясы болып табылады. Люксембургте тіркелген және сонда компанияның штаб-пәтері орналасқан. 2006 жылы люксембургтік Arcelor компаниясы мен үнді бизнесмені Лакшми Митталға тиесілі үнділік Mittal Steel компанияларының бірігуі нәтижесінде құрылған. Компаниялар біріккеннен кейін өндірістік қуаттылығы жылына 420 млн тоннаны құраған.

Компанияға Қазақстанда "АрселорМиттал Теміртау" АҚ тиесілі: оған Қарағанды металлургия комбинаты, сегіз көмір шахтасы, екі электр стансасы, Лисаков тау-кен байыту комбинаты, темір марганец кеніштері және қосалқы кәсіпорындар кіреді. Компания 1995 жылы Қарағанды металлургия комбинатын жекешелендіру бойынша жабық тендерде сатылып "Испат Кармет" АҚ ретінде құрылған. 2004 жылғы желтоқсанда "Испат Кармет" "Миттал Стил Теміртау" АҚ ретінде тіркелді, ал 2007 жылғы 6 қыркүйекте "АрселорМиттал Теміртау" АҚ болып қайта тіркелді.

Бұдан бөлек, инвестициялар және даму министрлігінің қадағалауында 230 мыңнан аса қауіпті өндірістік объектіні қамтитын 9 мыңнан аса кәсіпорын бар. Негізінен бұлар жерасты кеніштері және көмір шахталары, карьерлер мен разрездер, мұнай және газ өндіру кен орындары, металлургия, химия және мұнай өңдеу зауыттары, атом өнеркәсібі, магистральдық құбырлар және тағы басқалар.

"Соңғы жылдардағы жағдайдың талдауы көрсеткендей, біздің өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қызметіміздің негізгі көрсеткіші, атап айтқанда қауіпті өндірістік объектілердің авариясыз жұмысы оң динамиканы паш етуде. Нақтырақ айтсақ, 2016 жылғы апат-авариялардың саны 2008 жылмен салыстырғанда 60%-ға, яғни 58-ден 23-ке дейін азайды. Олар нәтижесінде зардап шеккендер саны 4 есеге, 102 адамнан 28 адамға кеміді",– деді министр.

Ол тексеруге тек жоғары тәуекел дәрежесі бар объектілер ғана жататынын ескертті. Қалған объектілерге жоспардан тыс тексерулер және бақылаудың басқа түрлері жүргізіледі. Жоғары тәуекел дәрежелі объектілер саны – 4 мың 578, бұл жалпы санының 49,5%ы. Одан өзге жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылмаған 4 мың 673 (50,5%) объекті бар.

"Адал кәсіпкерлерді, оларда өрескел бұзушылықтар болмаса, тексеруден босату түрінде көтермелеу, сондай-ақ оларды қауіпті өндірістік объектілер тізбесінен алып тастау мүмкіндігі көзделген. 2017 жылдың 10 айы ішінде 1558 тексеру жүргізілді, олардың ішінде кестеге сәйкес – 923, жоспардан тыс – 635. Тексеру барысында 40 мыңнан аса бұзушылық анықталды, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп тұрған 880 қауіпті өндірістік объекті тоқтатылды, 124,5 млн теңгеден аса 1821 сомада айыппұл салынды", – деді Жеңіс Қасымбек.

Салыстыру үшін алсақ 2017 жылы ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитеті 18 мың 880 тексеру жоспарлаған, ал денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық қорғау комитеті биылға барлығы 48 717 тексеру жоспарлады.

Қабылданған шаралар бақылау-қадағалау қызметінің тиімділігін арттырады, себебі оны аса қауіпті өндірістік объектілерге бағыттайды, бұл ретте қауіпі төмен объектілерді бақылау төмендейді.

Қазіргі кезде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық база жетілдірілуде.

2014 жылы "Азаматтық қорғау туралы" заңының қабылдануына байланысты министрлік барлық өнеркәсіп саласы мен қауіпті өндірістік объектілер үшін 26 "Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларын" қайта жасады және бекітті. Бұл ретте қауіпсіздікке тікелей әсер етпейтін және бизнестің дамуына кедергі келтірмейтін ескірген нормалар алынып тасталды.

Мысалы, мемлекеттік инспектордың қатысуымен жүргізілетін жабдықтарды сынаудың кейбір түрлері алынып тасталды, жабдықтардың түсі мен таңбалануына қойылатын талаптар алынып тасталды. Рұқсат беру жүйесін реформалау шеңберінде жүзден аса рұқсат беру ресімі қысқартылды және бар болғаны сегіз мемлекеттік көрсетілетін қызмет қалдырылды.

Қабылданған шаралар әкімшілік қысымды азайтқан және бизнесті жүргізуге оң әсер еткен екен.

"Нәтижесінде кәсіпорын басшылары өздеріне жүктелген мемлекет алдындағы жауаптылық деңгейін және авариясыз жұмыстың экономикалық тиімділігін түсінді. Соған сәйкес олардың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтауға қарым-қатынасы өзгерді, ал ол қорытындысында қауіпті өндірістік объектілердегі авариялылықтың төмендеуінен көрініс тапты", – деді инвестициялар және даму министрі.

Оның айтуынша, өндірістегі апаттылықтың алдын алу шараларын мемлекет бизнесмендермен ымыра-келісім ауанында шешуге құмбыл болып отыр. Атап айтқанда, жыл сайын кәсіпорындармен бірлесіп, "Қауіпті өндірістік объектілерді техникалық қайта жарақтандыру бойынша жиынтық жоспар" қалыптастырылады, оның шеңберінде 2009-2017 жылдар кезеңінде 10 127 жабдық және 536 технологиялық желі ауыстырылыпты.

Жеңіс Қасымбек үкімет отырысында тағы бір түйткілді мәселені көтерді: кейбір өз ісіне адал емес жеке компанияларға жүктелген міндеттерді апат кезінде мемлекеттік құрылымдарға жасауға тура келеді екен.

Түсіндіре кетсек, көпшілік жағдайларда қауіпті өндірістік объектілердегі аварияларды жоюды мемлекет атынан "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорыны (РМК) жүзеге асырады. РМК-ның Қазақстанның барлық өңірлерінде орналастырылған бөлімшелерінде 2200 аса жоғары біліктендірілген кәсіби құтқарушылар, 600 бірлік авариялық-құтқару техникасы, 6700 бірлік арнайы мақсаттағы жабдық бар.

2008 жылдан бастап, 2017 жылға дейінгі аралықтағы кезеңде РМК 3800-нан аса апатты жойды, 2000-нан аса адамды құтқарды және 18 000 адамды қауіпсіз жерге көшірді.

РМК сондай-ақ иесіз қалған ұңғымалардағы мұнай-газ көрінуімен байланысты аварияны жою бойынша жұмысты жүргізеді. Мәселен, 2015 жылы Ақтөбе облысы Қаратөбе кен орнындағы нөмірі белгіленбеген иесіз ұңғымадағы апат жойылды. Былтыр Атырау облысы "Күмісбек" кен орнындағы №5-Г және №12-Г иесіз ұңғымалардағы апат соның күшімен ауыздықталды.

"РМК-дан басқа, Қазақстанда 40 жеке авариялық-құтқару қызметі бар. Олардың қызметі үшін құқықтық жағдай жасау мақсатында, соның ішінде депутаттардың және нарық субъектілерінің көптеген хаттарын ескере отырып, біз "Азаматтық қорғау туралы" заңына ұйымдардың тек кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерімен және құралымдарымен қызмет көрсетуге шарт жасау міндетін алып тастау бөлігінде тиісті түзетулер енгізу арқылы РМК монополиясын жоямыз", – деді министр.

Сонымен бірге, Жеңіс Қасымбек "жеке авариялық-құтқару қызметтерінің көпшілігінде ықтимал апат-аварияларды жою үшін қажетті жабдықтары мен біліктілендірілген персоналы жоқтығына" да назар аудартты.

"2017 жылғы мамырда Атырау облысында "Атырау мұнай" ЖШС-ның Дараймола кен орнында одан әрі жануға алып келген газ шығарындысы болды. Қауіпті объекті иесінің "АБТ-тест" ЖШС жеке авариялық-құтқару қызметімен профилактикалық жұмыстарға шарты болған, бірақ ол аварияны жоюдан бас тартты. Авария РМК араласқаннан кейін ғана жойылды. Осыған байланысты, тиісті біліктілік талаптарына және жарақтандыру нормаларына сай келмейтін авариялық-құтқару қызметтерінің жауаптылығын белгілеу, сондай-ақ осы қызмет түрін көрсететін нарықты реттеу мәселесін қарастыру ұсынылады", – деп түйді ол.

Атап өтер жайт, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер дайындау үшін ағымдағы жылдың қыркүйегінде "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы, аккредиттелген ұйымдар өкілдерінің және өзге де кәсіпкерлік субъектілері өкілдерінің қатысуымен 5 жұмыс тобы құрылды. Жұмыс топтарына барлығы 151 сарапшы қатысады.

Мемлекет басшысының мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларына ауқымды ревизия жүргізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес Министрлік өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы функциялардың 30% қысқарту бойынша жұмыс жүргізуде.

Тексерілетін субъектілердің қызметіне қойылатын талаптарды азайту мақсатында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы тексеру парақтары "Атамекен" КҰП сарапшылар тобымен қаралды және келісілді. 10 000-нан аса сұрақтардан 3 000-ын қысқарту жоспарлануда, бұл 30%-ды құрайды.

Осы міндеттерді іске асыру біздің азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтай отырып, қауіпті өндірістік объектілердің авариялылығын азайтуға мүмкіндік береді екен.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу