"Люкс" сегментінің туристері үшін Алматы инфрақұрылымы дайын емес

Светлана Умыргалеева Светлана Умыргалеева
29100

Қазақстандағы туризмнің және жекелеген бизнестің дамуына кедергі келтіретін жайттар жайлы abctv.kz тілшілеріне The Ritz-Carlton Almaty сату және маркетинг бөлімінің директоры Екатерина Сова айтып берді.    

"Люкс" сегментінің туристері үшін Алматы инфрақұрылымы дайын емес

- Екатерина, соңғы жылдары шетелдік туристердің Орталық Азияға деген, оның ішінде Қазақстанға қызығушылығы артып келеді. Қалай ойлайсыз, бұл неге байланысты?

- Біріншіден, Қазақстан  Жібек жолының бір тармағы ретінде өте қызық. Сондықтан шетелдік туристер біздің елді Қытай, Үнді елі, Өзбекстанмен қатар қарастырады. Екіншіден, Қазақстанның табиғаты да керемет қой, Шарын, Түрген, Қайыңды – қайсысын алсаң да.

Жақында мотоциклмен саяхатқа шыққан туристер Шарын шатқалына барып қайтты. Мұндай ерекше саяхатшылар ерекше әсер алуға ұмтылады, экстрим-саяхат бағыты, әуе шарымен ұшу, парашют, рафтинг, тау шаңғысы – оларға керегі де осы. Қазақстан осындай саяхатқа өте ыңғайлы.

Алдағы екі жылда Универсиада, ЭКСПО-ға байланысты шетелдік туристер саны еселене түседі. Бұған Алматы-Теһран тікелей әуе рейстерінің ашылуы мен визалық режимнің жеңілдетілуі де ықпал етеді. Мәселен, биылдан бастап қытайлық туристер үшін ADS-виза іске қосылды.

- Алматы өңірінде туристер қандай қиындықтарға жиі жолығады?

- Виза алу туристерге айтарлықтай қиын. Бұдан бөлек, меніңше, бүгінгі күні Қазақстанда елде саяхат жасауға жайлы "жағдай" жоқ. Мысалы, екі жыл бұрын мен Шарын шатқалында болдым. Сенсеңіз, ол кезде түнеп шығатын жер таппадым. Ал енді шетелдік турист үшін бұл үлкен проблема ғой. Ол өзін не күтіп тұрғанынан бейхабар, қайда тоқтайтынын да білмей, қалай саяхатқа шықсын?! Бүгін көптеген туристік агенттік кірме туризмді дамытуға бет бұрды.

Дегенмен, туристік науқан үшін тек табиғаттың көркем жерлері жеткіліксіз екенін түсіну қажет, бізге инфрақұрылымды дамыту қажет, ол үшін мемлекеттің тиісті қолдауы қажет.

Одан бөлек Қазақстанға мықты жарнама жетіспейді. Көптеген турист біздің ел туралы ештеңе білмейді деуге болады. Бұл аса қынжытарлық жайт.

- Кейбір курорттағы жағдай шын мәнінде нашар. Бірақ Алматы, Астана сияқты ірі орталықтарда шетелдік туристерге қонақ үй индустриясы қай деңгейде қызмет көрсетеді? Оладың қызметі шетелдік туристердің көңілінен шықпай ма?

- Әрине, саяхатшылардың барлық санатына арналған қонақ үйлер бар. Студенттер тұратын хостелдерден бастап, The Ritz-Carlton Almaty  сияқты бесжұлдызды қонақ үйді қоса алғанда, барлық деңгейдегі қонақ үйлерге дейін. Қазақстанның жекелеген бизнесі саны бойынша да, сапасы бойынша да талаптарға сай келеді деп есептеймін.

Бірақ келешекте, егер туристер саны күрт өсетін болса, жаңа мейманханалар керек болады. Талғампаз туристердің сұранысына сай Courtyard by Marriott сияқты "төртжұлдызды" жақсы мейманханалар салу қажет. Бұл ретте Қазақстанда әлемдік қонақ үй желілері пайда болады деп ойлаймын. Ол үшін елге басқа санаттағы туристерді тарту керек - көлікпен саяхат жасап, хостелдерде тұратын емес, өз рақаты үшін саяхат жасайтын адамды. 

"Люкс" сегментінің туристері үшін Алматы инфрақұрылымы дайын емес деп ойлаймын. Өйткені, оларға біздің елмен "experience" тұрғысындағы ерекше танысу тәжірибесі, ерекше әсер керек болады.

Мәселен, сол Шарын шатқалына, Үлкен Алматы көліне жайлы жағдаймен саяхат жасау. Сапалы туристік өнім керек - әуежайдан ауа баптағышы бар жақсы көлікпен қарсы алу өз алдына, көліктің жүргізушісі ағылшын тілінде сөйлеуі шарт, гид (туристерге қызмет ететін жол көрсетуші маман) жақсы мейманханалар мен қаланың көрікті жерлерін, мұражайлар мен театрларды жақсы білуге тиіс.

- Алматыда мұндай деңгейде қызмет көрсетілмей ме сонда?

- Бар. Бірақ  "Люкс" санатындағы мейманханада тұратын адамға арналмаған. Оған  Эрмитаж, Лувр қажет. Өкінішке орай, жергілікті мемлекеттік мұражайлар соншалықты танымал, қызық емес. Біздің өңірде туристер тарихпен, тұрмыс-тіршілікпен, қазақ мәдениетімен етене танысуға мүмкіндік беретін этно-ауыл сияқты туристік өнім жетіспейді. Туристерге шынайы тұрмысты сезінуге мүмкіндік беру керек, ал біздің мұражайлар мұндай мағлұмат бере алмайды.

- Сізді дұрыс түсінсем, Қазақстанға туристер легін арттыратын ЭКСПО-2017  "Люкс" санатындағы жаңа мейманханаларды ашуға себеп бола ала ма?

- Әлбетте, ЭКСПО байланыс орнататын алаң ретінде Үкімет делегацияларын, шенеуніктерді, кәсіпкерлер мен туристерді тартады. Бұл тиісті қонақ үйлер керек дегенді білдіреді. Қазір Kempinski салынып жатқанын білемін. 2017 жылғы наурызда Астанада The Ritz-Carlton ашылады. Тағы The St.Regis ашу жоспарланып отыр.

Астанада 2017 жылы келетін қонақтар санының көп болуына байланысты тағы бірнеше жаңа қонақ үй ашылады деп ойлаймын. Меніңше, Қазақстан осы мүмкіндікті барынша ұтымды пайдалануы тиіс. Бізде елімізді әлемнің туристік картасына енгізуге барлық мүмкіндік бар.

Бірақ, қайталап айтамын, елдің ішінде туристік өнімді жасау үшін, оны Қазақстаннан тыс жарнамалау үшін мемлекеттік қолдау қажет. Қазақстанды туристік нарықта алға бастыру керек, ол үшін destination PR and marketing жасай отырып, көрмелерге барып, атсалысу қажет. Туроператорлармен бірге туризм комитеті де барлығы бірге, бір бағытта нақты қадам жасау керек.

- Мүмкін осы қозғалыстың бір тармағы ретінде бизнес-туристерге арналған арнайы туристік пакеттер әзірлеуді белгілеу керек шығар?

- Қазақстанда бұл санаттағы адамдар үшін турпакеттердің толып жатқан нұсқалары бар. Мәселен, "Алматы және оның төңірегі", "Алматы – төңірек  – Астана", "Батыс Қазақстан", "Қазақстан – Қырғыз елі", "Қазақстан – Өзбекстан", бұларды туристік операторлар қалыптастырады.

Біз, өз кезегімізде, мейманхана ретінде, олармен өзара қарым-қатынас жасаймыз, мейманханада тұру мен қызмет көрсетудің түрлерін ұсынамыз. Бірақ, толық әрі қызықты пакетпен туроператорлар айналысуға тиіс.

- Егер құпия болмаса, TheRitz-Carlton Almaty қонақ үйіне туристер негізінен қай елдерден келеді?

- Алматы бизнес-бағыттаушы болып табылады. Біздің қалаға адамдар  іссапармен және іскерлік сапармен, келісім-шарт жасасуға, кеңес беруге, құрылыс салуға келеді. Сондықтан меймандар негізінен Ресейден, АҚШ, Ұлыбритания, Германиядан келеді.

Светлана Умыргалеева, Алматы 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу