"Жоғарыдан келген бұйрықпен актриса атандым"

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6906

"Айка" прокатқа күзде шығады.

"Жоғарыдан келген бұйрықпен актриса атандым"

Бұрынғы КСРО мен бүгінгі ТМД елдерінің бірде-бір актері һәм актрисасы жете алмаған жетістікке жетіп, 71-ші Канн кинофестивалінің "Үздік әйел рөлі" аталымында үркердей жарқыраған қазақ қызы Самал Есләмова туған халқының ықыласы мен пейіліне алғыс айтты.

"Еліме, халқыма ризашылығымды білдіремін. Бірнеше күннен бері толассыз құттықтаулар түсіп жатыр. Халқымның ықыласын сезініп, шексіз бақытқа бөленудемін. Сіздерге мыңда бір рахмет!" – деді ол журналистермен жүздескенде.

Режиссер Сергей Дворцевойдың "Айка" фильмінде басты рөлді сомдаған Канн кинофестивалінің жеңімпазы 1984 жылғы 1 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Аққайың ауданы, Аралағаш ауылында туған. 11 жыл қазақ мектебінде білім алып, кейін Қызылжар қаласындағы өнер колледжіне қабылданған. Колледжде оқып жүріп, қазақ театрында жұмыс істеген.

"Мен журналист болуды армандаған адаммын. Тағдыр шығар, жоғарыдан келген бұйрықпен актриса атандым", – деді Самал Есләмова.

Оның сөзінше, ол алғаш рет режиссер Сергей Дворцевой ұйымдастырған кастингке барған. Сөйтіп маманның көзіне түскен. Осылайша 2008 жылы жарық көрген "Тюльпан"  фильмінде басты рөлді сомдаған. Бұл фильм Канн кинофестивалінде "Ерекше көзқарас"  байқауының бас жүлдесін, жас әділқазылар жүлдесін және Франция білім министрлігінің жүлдесін жеңіп алған.

"2011 жылы Ресей театр өнері институтына түстім. Оқуды аяқтағанда режиссер Сергей Дворцевой мені "Айка" деген екінші картинасына шақырды.  Бұл фильм 6 жыл түсірілді. Нәтижесінде қазіргі жетістігімізге жеттік", – деді Канн кинофестивалінің жеңімпазы.

Самал Есләмова жақын адамдарымен виртуалды емес, тікелей байланысқанды қалайды екен.

"Адамдармен әлеуметтік желі арқылы емес, жүзбе-жүз сөйлескенді ұнатамын. Инстаграмға тіркелген емеспін, тек фейсбукте ғана бармын", – деді кейіпкерміз.

Басқосу барысында сөз сөйлеген режиссер Сергей Дворцевой актриса жайлы пікір білдірді.

"Самалдың жеңісі өте үлкен жетістік. Себебі Канн кинофестивалінде әлемнің ең үздік 20 фильмі бақ сынайды. Әлемде қанша фильм түсіріліп, қанша актер мен актриса еңбек етіп жатыр. Самал солардың барлығынан биік болды. Қазақ жері осындай тамаша актрисаны дүниеге әкелді, тәрбиеледі. Мен Самалды Қазақстанда жүргендіктен мақтап отырған жоқпын. Бұл шынымен мақтауға тұрарлық актриса. Ол өте еңбекқор", – деді режиссер.

Бұдан кейін Сергей Дворцевой "Айка" фильмі 6 жыл түсірілгенін, кинотуындыға  2,5 млн еуроға жуық ақша жұмсалғанын баяндады.

"Мәскеуде 250-дей қырғыз әйелінің өз балаларын перзентханада қалдырып кеткені туралы ақпарат жанымды қарыды. Қазақстанда туып-өскендіктен азиалық әйелдердің балаларынан безінуі маған жат болып көрінді. Тақырыпты зерттеп, кино түсіргім келді. Басты рөлге Самалды бекіттік. Сөйтіп сценарийді Самалдың ыңғайына қарай икемдеп жаздық.

Түсірілім кезінде Самал қырғыз мәдениеті мен тілін үйрену үшін бірнеше ай Қырғызстанда өмір сүрді.

Фильмде бір-ақ рет дублердің көмегіне жүгіндік. Ол бала емізетін көріністі ойнап берді. Қалғанын Самалдың өзі атқарып шықты. Жалпы, Самалдың бойында туабітті қайсар мінез бар, оның ішкі қуаты мықты", – деді маман.

Сергей Дворцевойдың сөзінше, "Айка" Ресей, Қазақстан, Германия, Польша және Қытай мемлекеттерінің киноөнімі болып саналады.

"Картина бір жарым айдан кейін толық дайын болады. Себебі біз Канн кинофестивалінде толық түсіріліп бітпеген нұсқасын көрсеттік. Жалпы, фестиваль тарихында фильмнің 40 минутын көріп, оны байқауға қабылдау бұрын-соңды болған емес. Кино прокатқа күз айында шығуы тиіс", – деді ол.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу