banner

Абзал Әжғалиев – Алматыдағы әлем кубогінің қола жүлдегері

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1557

Шорт-тректен "Халық-Арена" мұзайдынында өткен әлемдік жарыста Қазақ еліне бір жүлде бұйырды.

Абзал Әжғалиев – Алматыдағы әлем кубогінің қола жүлдегері  Фото: isu.org

Алматыда әлем кубогінің үшінші кезеңдік жарыстары тәмамдалды. Бүкіләлемдік мұз айдыны бәйгесінің екінші күні алты медаль жиынтығы сарапқа салынды. 500 метрлік қашықтықта бүгінгі таңдағы еліміздің ең үздік шорттрекшісі, яғни Абзал Әжғалиев үшінші орынға ие болып, қола медаль еншіледі.

Абзал Әжғалиев – биыл жыл басында, Оңтүстік Кореяда өткен ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында еліміздің көк байрағын ұстап шыққан саңлағымыз. Спорт басшылары мен жанкүйерлер ерекше сенім артқан талантты жігіт болатын. Өкінішке қарай, Ақ Олимпиадада бағы жанбады, жүлделі орындарға ілігудің сәті түспеді.

Есесіне, жаңа маусымды сәтті бастады. Бұған дейін жазғанымыздай, биылғы әлем кубогының Калгариде өткен бірінші кезеңінде күміс медаль олжалады. 500 метрлік қашықтықта финалға шығып, үш Олимпиада чемпионымен бәйгеге түсті де, екінші орынға ие болды. Ал өз жерімізде қола медаль жеңіп алды. Алтынға бергісіз жүлде болды!

Абзал Алматы төрінде аянған жоқ. Барын салды. Өз жерімізде де екінші орын алуға болар да ма еді? Бірақ бұйырғаны қола болды. Оған да шүкір. Алматыға Орал мен Астанадан барған шорттрекші жас өрендердің тілеулері қабыл болды. Жас жеткіншектеріміз Алатау бөктеріне сол үшін барды емес пе?! Түсіне білсек, бұл – үлкен өнеге! Сол үшін Әжғалиевқа айтар алғысымыз шексіз...

Жалпы, кеше 22 жастағы Канада қыраны Жирар Самуэльдің айдарына жел есті. Қазақ жері оған майдай жақты. Бір кеште екі алтын, бір күміс олжалады. Ерлер арасындағы 500 метрлік қашықтықта және микс эстафетасында жеңімпаз атанды. Ал ерлер арасындағы эстафетада өз елінің ұлттық құрамасындағы серіктерімен екінші орынға ие болды.    

Өкінішке қарай, эстафетаның ешқайсысында біздің қыз-жігіттеріміздің бақтары жанбады. Бәлкім, өз жерімізде өткендіктен толқыған да болар. Әйтсе де, Мәдіғали Қарсыбеков ағамыздың шәкірттері жарады. Әлемнің ең үздік спортшыларымен тайталаса алатындықтарын көрсетті. Ең бастысы, өздеріне деген сенімділіктері арта түседі деген үміттеміз. Сондай-ақ, енді әлем кубогі жыл сайын қазақ жеріне "ат басын" бұрып тұрса дейміз...

Ерлер. 500 метр
1. Жирар Самуэль (Канада)
2. Шаоанг Лю (Венгрия)
3. Абзал Әжғалиев (Қазақстан)
...7. Денис Никиша (Қазақстан)
21. Мерсаид Жақсыбаев (Қазақстан)

1500 метр
1. Гун Ву Ким (Оңтүстік Корея)
2. Хеон Хван Хонг (Оңтүстік Корея)
3. Сео Ли (Оңтүстік Корея)
...10. Нұрберген Жұмағазиев (Қазақстан)
11. Әділ Ғалиахметов (Қазақстан)
13. Еркебұлан Шамұханов (Қазақстан)

Эстафета, 5000 метр
1. Нидерланд 
2. Канада
3. Қытай
...10. Қазақстан (Әжғалиев, Ғалиахметов, Никиша, Жұмағазиев)

Әйелдер. 500 метр
1. Петра Яжапати (Венгрия)
2. Лара ван Руйвен (Нидерланд)
3. Наталья Малышевска (Польша)
...20. Анастасия Крестова (Қазақстан)
24. Әсел Тайшыманова (Қазақстан)
27. Яна Хан (Қазақстан)

1500 метр
1. Мин Чжеон Чой (Оңтүстік Корея) 
2. Сюзанне Схултинг (Нидерланд)
3. Ким Бутен (Канада)
...18. Әлия Ким (Қазақстан)
20. Ольга Тихонова (Қазақстан)
29. Анита Нагай (Қазақстан)

Эстафета, 3000 метр
1. Нидерланд 
2. Оңтүстік Корея
3. Канада
...8. Қазақстан (Ким, Крестова, Тайшыманова, Тихонова)

Эстафета, микс. 2000 метр
1. Канада
2. Оңтүстік Корея
3. Қытай
...7. Қазақстан (Ким, Крестова, Никиша, Жұмағазиев)

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу