Банк пен ШОБ-тың байланысына катализатор қажет

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
2365

Диджитализациялау шағын және орта бизнестің терең тыныс алуына мүмкіндік береді.

Банк пен ШОБ-тың байланысына катализатор қажет

Бұған дейін коммерциялық банктердің ауылға және ШОБ-қа бағыттайтын  қаржысы несиелік портфельдің 2%-нан аспайтын. Алдағы уақытта осы олқылықтың орны толуы мүмкін.

Ұлттық банктің дерегінше, 13 банк-эмитент электронды ақшамен жұмыс істеуге көшкен.  2017 жылы 331,6 млрд теңгенің электронды қаржысы айналымға шыққан. Оның 81,7 млрд теңгесі AsiaCredit Bankке тиесілі болған. Осы тенденция  сақтала берсе, алдағы бірер жылда "болашақтың банкті" деген термин қолданысқа енеді.  

KPMG компаниясының Орталық Азия мен Қазақстандағы стратегиялық және операциялық кеңес беру тобының жетекшісі Болат Мыңбаев банктер экономикалық өсім тежеліп тұрған кезде ШОБ-қа назар аудару үшін электронды-комиссиялық өнімдерді айналымға шығару қажеттігін түсініп отырғанын айтты.

"Қазір банктердің басым көпшілігі несиелендіруді азайтып, транзакциялық өнімдердің көлемін көбейтіп отыр. Электронды қаржы құралдары арқылы несиелеу немесе есеп айырысуға онлайн-банк, электронды жалақы жобасы жатады. Эквайринг, кэш-пулинг немесе өнімдерді тізбек арқылы қаржыландыру біздің елде әлі қолданысқа енген жоқ. Себебі бұған ел заңнамасы рұқсат бермей отыр. Біз Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің банктерді  цифрландыруға қатысты ұстанымын білеміз. Енді тек нақты қадамға бару керек", – деді Болат Мыңбаев.

Оның сөзінше, банк секторындағы диджитал-қызмет ШОБ-қа өте жақын. Диджитал-қызмет бизнеске электронды қызмет пакетін ұсынады. Электронды қызметті тұтынған ШОБ өкілдері болмашы төлем арқылы банк қызметінің жеңілдігіне қол жеткізе алады.

ШОБ пен банктер арасындағы сенімсіздік синдромын диджитал-қызмет сейілте ала ма деген сұраққа күні бүгінге дейін нақты жауап берілген жоқ.

Себебі бұл мәселе бізде талқылау деңгейінен аспай тұр.  

FinTechStage компаниясының негізін қалаушы Маттео Рицци банктердің консервативті моделі ШОБ-тың адымын аштырмай отырғанын айтты.

"Диджитализациялау жүйесін қолданысқа енгізу үшін банктер стартап-компаниялармен байланысқа шығуы керек. Стартаперлер банктің электронды қаржы құралдарын пайдалана отырып, бизнес жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Нәтижесінде ішкі нарықта отандық инвесторлардың үлесі артады", – деді Маттео Рицци.

Оның пікірінше, бұл істі Қазақстанда да жүзеге асыруға болады.

"Кез-келген елдегі кәсіпкерлер мен стартаперлер сол елдің қолданыстағы заңына қарай бейімделеді. Олар үшін билікпен ашық байланыс орнататын ашық алаңдар, электронды сауда биржалары болуға тиіс. Сіздерде мұндай алаң бар. Ол Астана халықаралық қаржы орталығы", – деді Маттео Рицци.

FinTechStage компаниясының негізін қалаушы идеяларды іске бағыттайтын және оған ақыл-кеңес беріп отыратын катализатор қажет екенін тілге тиек етті.

"Германиядағы Fidor Bank 100% цифрландыруға көшкен. Клиенттер бұл банкті Fidor ақылды қауымдастығы деп атайды. Биылдан бастап банк өзінің ауқатты клиенттерін ШОБ-ты қаржыландыруға тарта бастады. Яғни клиенттеріне инвестор болуға мүмкіндік берді",– деді Маттео Рицци.

Оның ойынша, мұндай ұсыныстан банк  те, ШОБ-та ұтады.

"Диджитализациялау шағын және орта бизнестің терең тыныс алуына мүмкіндік береді. Бұл экономикалық өсім тежеліп тұрған тұста таптырмас тәсіл, маңызды қадам болып табылады", – деді Маттео Рицци.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу