Сақтандыру омбудсмені кімді неден сақтайды?

2982

"Сақтандыру ұйымының міндеті жан-жақты нақтыланғаны абзал", – дейді сақтандыру омбудсмені.

Сақтандыру омбудсмені кімді неден сақтайды?

Қазақстанда қызметінің басталғанына 10 жылға жуықтаған сақтандыру омбудсменінің өкілеттігін кеңейту мәселесі көтеріліп отыр. Бұған дейін негізінен автокөлік иелерінің Азаматтық жауапкершілігін сақтандыру (АЖС) бойынша түскен шағымды қарастырып, сақтанушы мен сақтандырушыға арағайын болған өкілетті тұлға енді міндетті сақтандырудың басқа да түрлеріне төрелік жасауға ниет білдіріп отыр.

Қазақстанда бүгінде міндетті сақтандырудың 9  түрі бар екен. Алайда дауды сотқа жеткізбей шешу үшін төрешінің құзыры шектеулі. Омбудсмен Андрей Коповтың сөзіне қарағанда, сақтандырушының өз міндетін тиянақты  орындамауының салдарынан туатын түрлі дауға делдалды барынша араластыру үшін қолданыстағы бірнеше заңға өзгеріс енгізу қажет екен.

Cотқа дейінгі үкім

Сақтандыру саласындағы дау-дамайды талқылап, қос тарапқа тиімді шешім ұсынатын омбудсмен өзіне түсетін өтініштердің жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанын айтады. 2015 жылы азаматтардан 256 шағым түссе, 2016 жылы 327 шағым қаралып, екі жаққа да тиімді ортақ шешім шығарылыпты.

Шағымданушы сақтандыру шартына сәйкес төленетін қаржы мөлшерін місе тұтпаған жағдайда және істі сотқа жеткізбей шешуге мүдделі болған күнде ғана омбудсмен қызметіне жүгінеді.

Андрей Коповтың айтуынша, тәуелсіз төрешінің ұйғарымынан кейін де күмәнданатындар болады. Десе де сақтандыру компаниясы омбудсмен нұсқауын орындауға міндетті. Сол себепті зардап шеккен тарап шешімді тиімді санап, екі жақ бейбіт тарасады.

Сақтандыру шарты орындалмаған жағдайда, араға салар төреші бар екенін тұтынушылардың басым бөлігі білмейді. Сақтандыру омбудсмені келтірген дерекке сүйенсек, шағымның дені Алматы, Астана қалаларынан, орталық, солтүстік және шығыс өңірден түседі.

"Қазақстанның батыс өңірінен бірде-бір адам шағымданған емес. Соған қарағанда  жол-көлік оқиғасына (ЖКО) ұшыраған жағдайда, сот шешімімен зардап шегуші ретінде танылған азамат сақтандыру төлемі мөлшерімен келіспеген кезде қайтадан сотқа жүгініп жүр", – деді Андрей Копов.

Оның айтуынша, АЖС бойынша шағымды омбудсмен бір айдың ішінде қарастырады. Ал дәл осындай даулы іс сотта ұзақ жатып қалуы мүмкін.

Дау төңірегіндегі дау

"Автокөлік құралдары иелерінің міндетті азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру туралы" заңға 2015 жылы өзгеріс енгізілгеннен бері, ЖКА кезінде көлікке келтірілген шығынды анықтау құзыры бағалаушыдан сақтандырушыға өтті. Алдыңғылар бұл нарықтан 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап шеттетілді. Сақтандыру компаниясы (СК) бағалаушы белгілейтін бағаны әділетсіз деп санайды яғни әрбір ЖКО бойынша зардап шеккен тарапқа қомақты мөлшерде өтемақы төлегісі келмейді.

Жаңа ереже енгелі ЖКО салдарынан мүлікке келген шығын мөлшерін есептейтін ұйымның табысы ортайғанын сақтандыру омбудсмені мойындап отыр.

"Бұл топ нарықтан біржола кетті деуге болмайды. Өйткені кейде дау тәуелсіз бағалаушысыз шешілмейді. Көбінесе зардап шеккен тарап СК белгілеген төлем сомасына қанағаттанбайды. Сақтандырушының төлем мөлшерін төмен көрсететін кездері жиі ұшырасады. Дәл осындай жағдайда қарсы тарап ең алдымен тәуелсіз бағалаушыға жүгінеді. Содан кейін ғана омбудсменнің  алдына келеді.  Бұрын АЖС бойынша шығынды анықтаған ұйымдар қазір өз қызметін тәуелсіз сарапшы ретінде жалғастырып жатыр. Сондықтан бағалаушылар үдеріске бәрібір қатысады", – деді Андрей Копов.

Оның ойынша, бағалау қызметін Ұлттық банктің пәрменімен өздеріне алуға асыққан сақтандырушылар қиындықты енді түсініп жатыр. Кейбір СК үшін шығын көлемін есептейтін білікті мамандарды өз штатында ұстау тым қымбат. "Мұндай компанияға бағалау қызметін аутсорсингке тапсырған, яғни өз нарығынан айырылған бұрынғы ұйымдарға жүктеген тиімді", – дейді омбудсмен.

Сақтандыру компаниялары нарықтан тықсырылған бағалаушыларға қайта қолқа сала бастағанын "Баға орталығының" сарапшысы Бауыржан Бектаев растады. "Шығын мөлшерін анықтау құзырын иеленгенімен, сақтандыру компаниясы бұл іспен шұғылданғысы келмейді. Ол бұрынғы бағалаушы серіктестерін іске қайта ортақтастырып жатыр. Қазір бағалаушы жол-көлік апатының шығынын ғана есептеп береді. Бұрын есептеп қана қоймай, ұйғарым шығаратын. Қазір сақтандырушы шешімді бағалаушының есебі негізінде өзі шығарады. Сонда заңға енгізілген өзгерістің мәні неде, түсініксіз", – дейді сарапшы Бауыржан Бектаев.

Әйтсе де "Автокөлік құралдары иелерінің міндетті азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру туралы" заңға енген өзгеріс бірқатар бағалаушы ұйымның түбіне жетіп тынды. Бауыржан Бектаев өз мәліметіне сүйеніп, 2016 жылы Алматыда 3 компания қызметін біржола тоқтатқанын айтты. Олар лицензиясын Әділет министрлігіне қайтарған.

"Мәселе бағалаушының біліктілігінде емес, мойынына жауапкершілік алмауында", – дейді омбудсмен. "Ұйғарым шығарған күнде шығын мөлшері шынайы болмаса, кез келген бағалаушы ұйым ешкімнің алдында жауап бермейді. Ал сақтандырушы әділетсіз бағаланған шығын үшін өте көп мөлшерде айыппұл төлеуге мәжбүр. Бағалаушы ұйым алдымен өз саласын  өзі реттеуі тиіс. Шығын бойынша жай есеп беріп қана қоймай, оның дәлдігі үшін жауап беруі керек. Сонда ғана бағалау қызметін қайтару туралы талап қоя алады. Үміт қашанда бар", - деді А.Копов.

Шағым көбейгенмен, мерзім өзгермейді

Сақтандыру омбудсменіне түсетін шағымдардың 90%-ы ЖКА шығындарын өндіріп алуға қатысты. Өйткені автокөлігін сақтандырғандар саны міндетті сақтандырудың басқа түрлеріне қарағанда анағұрлым көп. Шағымдар үлесінде екінші кезекте көлік құралдарын ерікті сақтандыру тұр. "Сақтандырушы мен сақтаушы осы міндеттеме бойынша да келіспей жатады", – дейді Андрей Копов.

Соңғы уақытта сақтандыру полисімен шетелге аттанған қазақ азаматтары елге оралған соң төрешіге жүгінуді жиілетіпті. Ал сақтандыру омбудсмені бұл салада қос тараптың міндеті мен құқы әлі нақты айқындалмағанын айтады. Оның пікірінше, жағдайды тек жаңа заң реттейді.

"Туризм саласындағы жауапкершілік күшейтілгесін, сақтандыру міндетін  орындауға қатысты дау көбеюі мүмкін. Қолданыстағы заңға өзгеріс енгізілсе, атауы да өзгереді деген ақпарат бар. Бұл құжат "Туристерді сақтандыру туралы заң" деп аталуы мүмкін. Мұнда сақтандыру агенттігінің жауапкершілігі айқын жазылуы тиіс. Туроператор не үшін жауапты? Турагенттің міндеті не? Осының бәрі тайға таңба басқандай жіліктеп жазылуы керек. Шығын мөлшері бойынша да солай. Күні бүгінге дейін шығынды айқындау, төлем мөлшері бойынша бағалау әдістемесі түсініксіз. Барлық тәуекел, оның ішінде сақтандыру ұйымы міндетінің жан-жақты нақтыланғаны абзал", - дейді Андрей Копов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу