Сатып алуларға тек шынайы тауар өндірушілер қатысуы тиіс – Тимур Құлыбаев

1802

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы сатып алудағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың бірнеше жаңа құралын ұсынды.

Сатып алуларға тек шынайы тауар өндірушілер қатысуы тиіс – Тимур Құлыбаев

Кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ІІІ республикалық форумына қатысқан "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың айтуынша, мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың басты факторлары – тауар бағасының немесе қызмет ақысының жоғары болуы, бір көзден сатып алудың кеңінен таралуы және баға демпингінде.

"Атамекен" квазимемлекеттік секторды қоса алғанда сатып алудың 5 алаңын бірден біріктіретін "Бірыңғай сатып алу терезесін" құруды ұсынған болатын. Осылайша, әлеуетті тауар жеткізушілер мен қызмет көрсетушілер сатып алуда өздерін қызықтырған тауар түрлерін, аймақтарды, баға және көлем жайлы ақпараттарға қол жеткізе алады.

"Былтырғы мемлекеттік сатып алуларды жүйе арқылы қарар болсақ, жалпы көлемі 4,4 трлн теңгені құрайды. Оның 75 пайызын конкурстан тыс, яғни бір көзден сатып алу арқылы жүзеге асқан. Бағамдап қарасақ, конкурс арқылы сатып алу мен бір көзден сатып алу бағасының айырмашылығы 30 пайызға дейін жетеді", – деді Тимур Құлыбаев.

Онымен қоса, қаржылай не болмаса басқа ресурстары болмаса да сатып алу тендеріне қатысатын бір күндік фирмаларға тосқауыл қою керектігін баса айтты.

"Бизнесін адал жүргізіп отырған жеткізушілер тізілімін құруды ұсынамыз. Бұл саладағы жемқорлықты мейілінше төмендету мақсатында сатып алуларға тек  шынайы тауар өндірушілер қатысуын талап етеміз. Сондай-ақ, бұл жүйе  тауарды "бағаның орта дәлізінен" жоғары бағада алып жүргеніндерді де анықтап береді", – деді төралқа төрағасы.

Қорыта айтқанда, сатып алуға қатысу – импортты алмастырудың бірден-бір мүмкіндігі.

"Қажетті тауарлар мен қызметтердің көлемін анықтауды әлдеқашан ұсынған болатынбыз. Ұзақ мерзімді келісімшарттарға апаратын мемлекеттік сатып алулар, квазимемсекторлар сатып алулар арқылы Қазақстан аумағында өндірістерді дамыта аламыз. Осы мәселелер жіті бақылауымызда. Отандық өндірушілерге сатып алу жүйесінің барынша түсінікті және ашық болуы бағытында жұмыстар жүргізе бермекпіз", – деді  Тимур Құлыбаев.

"Атамекен" басшысы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа осы жылдар ішінде бірлесіп атқарған жұмыстары үшін алғысын білдіріп, алда үлкен істер күтіп тұрғанын баса айтты. Жаңартылған Жол картасы бойынша бірлескен жоспарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы және оны болдырмау жолдарының нақты іс-шаралары, сондай-ақ, атқарылған істердің индикаторы мен үнемі бақылауда болуы  бекітілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу