Мүлікті сатып, мемлекетке қарыз болып қалмаудың сыры

Өз пәтеріңізді не көлігіңізді сатуға шешім қабылдасаңыз, сенімді сатып алушыны тауып қана қоймай, мемлекет алдындағы міндеттеріңізді естен шығармаған жөн. Айтпағымыз – мүліктік табысқа салынатын салық жайында. Бұл не және мұндай салықты кім төлеуге тиіс, abctv.kz-тің өтініші бойынша бұл мәселені Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің жауапты басқармасы түсіндіріп берді.

Мүліктік табыс дегеніміз не?

Егер мүлік сатылған кезде құны қымбаттаса мүліктік табыс пайда болады. Мысалға, сіз 3 миллион теңгеге көлік сатып алып, оны 5 миллионға саттыңыз делік. Айырмашылық 2 миллион теңгені құрады және мүліктік табыс пайда болды.

Салық кодексінің 180 бабына сәйкес, адам бір жылдан аз уақыт иемденген мүлкін сатқан кезде бастапқы құнынан артық түскен өсім, сондай-ақ салық агенті болып табылмайтын тұлғаның мүлікті жалға беруден түсірген пайдасы салық төлеушілердің мүліктік табысына жатады.

Одан бөлек, мүлікті жалға беруден түскен табыс та жеке тұлғалардың мүліктік табысына жатады. Жеке тұлға, жеке кәсіпкер кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын мүлікті жеке кәсіпкерге емес, басқа жеке тұлғаға жалға берген кезде осы ереже қолданылады. «Басқаша айтсақ, осыдан түскен кіріс жеке тұлғаның мүліктік табысына жатады. Жеке тұлғаның жеке табыс салығын төлеу жөніндегі 240.00 нысаны бойынша декларацияны жалға берушілер тұрғылықты жері бойынша салық органына 31 наурыздан кешіктірмей тапсыруға тиіс», – деп түсіндіреді департаментте.

 

Мұндай салық қандай мүлікке салынады?

Кемінде 12 ай жеке меншік құқығында болған мүлікті сату барысындағы өсім мүлікті саудалау барысындағы құнының өсімінен келген кіріс болып саналады. Оған тұрғын жай, саяжай құрылысы, гараж, жеке меншік шаруашылық нысандары, жекелеген тұрғын үй құрылысына, саяжай құрылысына, жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге, мемлекеттік тіркеуге жататын механикалық көлік құралдары мен тіркемелер үшін гараждарға арналған жер учаскелері мен жер үлестері жатады.

Меншік иесі болу мерзіміне қарай сондай-ақ тұрғын жай ретінде емес ұсынылған жер учаскелері мен жер үлестері, саяжай құрылыстары, гараждар, жекеменшік қосалқы шаруашылық нысандары, яғни жеке мақсатта пайдаланбайтын барлық жылжымайтын мүлік мүліктік кіріс болып табылады. 180 баптың 2 тармағына сәйкес құнның өсімі сату құны мен сатып алу құны арасындағы жағымды айырмашылық түрінде айқындалады.


Мен өз пәтерімді сатып жатырмын, сонда да салық төлеуім керек пе?

Иә. Бірақ егер бұл пәтерді иеленгеніңізге бір жыл толмаса ғана. Мысалға, 2016 жылдың желтоқсан айында 4 миллион теңгеге пәтер алды делік. Ал 2017 жылдың наурыз айында оны 6 миллионға сатты. Осылайша, ол бір жылдан кем уақыт иемденген жылжымайтын мүлікті сатудан 2 млн теңге сомасында табыс түсірді. Мемлекеттік кірістер департаментінде мынаны түсіндіреді: мүліктік салықтан жеке табыс салығын салық төлеушінің өзі 10 пайыздық мөлшерлемені қолдану арқылы есептейді. Мүліктік салығы 2 миллион теңгені құраған пәтерді сатуды үлгі еткенде есептеу формуласы мынадай болады: 2 000 000*10% және нәтижесінде сома екі мың теңгені құрайды.

«Сатып алу бағасы болмаса, мүлікті сату бағасы мен меншікке иелік ету құқығы пайда болған кездегі нарықтық баға арасындағы жағымды айырмашылық құнның өсімі болып табылады. Бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша өткізілген бағалау есебінде анықталған баға нарықтық баға болып табылады. Меншікке иелік ету құқығы пайда болған кезде сатылған мүліктің нарықтық бағасы болмаған жағдайда мүлікті сату құны мен оның бағаланған құны арасындағы жағымды айырмашылық құн өсімі болып табылады», – деп нақтылады департаментте.

Немесе, мысалға, адам бір жылға жетпейтін уақыт иемденген көлігін сатты делік. Келісімшарт нәтижесінде ол табыс тапты (сату-сатып алу шарты бойынша сома бастапқы сатып алынған сомадан артық), осы табыстан жеке табыс салығы есептелуі керек.

Мемлекеттік тіркеуге жататын және иелік құқығында бір жылдан кем уақыт болған немесе сенімхан негізінде алынған мехникалық көлік құралын сату кезінде құн өсімінен түскен табыс төлем жасаушы тұлғадан салық алынбайтын мүліктік табысқа жатады.

Алматы мемлекеттік кірістер департаментінде кәсіпкерлік қызметте қолданылмаған мүлікті сатудан түскен құн өсімі салық төлеушінің мүліктік табысына жататынын еске салды. Төлем көзінен алынбайтын табысқа өзге табыстар жатады. Мысалға, жеке тұлға жанар-жағармай бекетін, яғни тұрғылықты емес ғимаратты сатты. Жылжымайтын мүлік кәсіпкерлік қызмет жасауға арналғандықтан, сәйкесінше, осы сатылымнан түскен табыс жеке тұлғаның өзге табыстарына жатады.

 

Бұл салықты қалай төлейміз?

Мүлікті сатуда мүліктік табыс пайда болған жағдайда тұрғылықты жер бойынша салық органына декларация тапсырып, белгіленген уақытқа дейін (31 наурызға дейін) өсімнен жеке табыс салығын төлеу керек. 31 наурызда жеке табыс салығы бойынша декларация тапсыру мерзімі аяқталады.

Салық кодексінің 185 бабына сәйкес, жеке кәсіпкерлер; жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар; мүліктік табыс алған жеке тұлғалар; басқа табыстар, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде табыс тапқан жеке тұлғалар; Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі шетелдік банктердегі банктік шоттарда ақшасы бар жеке тұлғалар; меншік құқығында: шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында (ол бойынша құқықтар және (немесе) мәмілеле) мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге (есепке алынуға) жататын жылжымайтын мүлкі; эмитенттері Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде тіркелген бағалы қағаздары; Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде тіркелген заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі бар жеке тұлғалар тапсырады.


Мен жеке тұлғамын және үнемі декларация тапсырмаймын. Бұл салықты қашан төлеуге тиіспін?

Салық кодексінің 186 бабына сәйкес, жеке тұлғалар жеке табыс салығы бойынша декларацияны 240.00 нысаны бойынша тұрғылықты жеріне сәйкес салық органына есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей ұсынуға тиіс. Төлемді осы мерзімнен кейін 10 күнтізбелік күннен кешіктірмей төлеу керек.


Егер салық төлемесем, не болады?

Егер салық төлеуші заңда бекітілген мерзімде салық органына салық есебін тапсырмаса, онда оған Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексте көзделген жауапкершілік жүктеледі.

Еске салсақ, салық уақытында төленбесе, осы сомаға әр күніне Ұлттық банк белгілеген қайта қаржыландырудың ресми мөлшерінің 2,5 еселік өсімақы есептеледі.