Мемлекеттің көмегімен қалай жұмыс табуға болады

Әлбетте, бүгінде жұмысқа тұрудың түрлері өте көп – газет пен интернеттен хабарландыру іздеу, кадрлық агенттікке жүгіну, тіпті таныстар арқылы іздеу. Бірақ жұмыссыздық мәселесін шешу үшін мемлекет арнайы жұмыспен қамтудың бағдарламасын іске асырады, ол қарапайым жұмысқа орналастырудан бастап өз бизнесін ашуға дейін жұмыс табудың бірнеше нұсқасын ұсынады. Abctv.kz ұсынылған нұсқаларды зерттеп, бағдарламаға қалай қатысуға болатынын баяндайды.

Мен жұмыссыз қалдым

Ең алдымен, жұмыссыз ретінде тіркелу қажет. Мұны істеу өте оңай – тұрғылықты жеріңіз бойынша уәкілетті органға (халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау департаменті) жүгініп, жұмыссыз ретінде тіркелу үшін өтініш жазу қажет. Өтінішті онлайн түрде «электрондық үкімет» порталы арқылы да беруге болады. «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңына сәйкес, сіз туралы мәлімет бес жұмыс күні ішінде тексеріліп, сізге жеке карточка ашылады, осыдан соң тіркелгеніңіз туралы хабар аласыз. Осы әрекеттер орындалғаннан кейін сіз үшін жұмыс іздестіріле бастайды.

Жұмыспен қамту мемлекеттік бағдармасына қалай ілігуге болады

Бағдарлама барынша көп халықты қамтуға арналған. Дегенмен мұнда халықтың белгілі бір санатына басымдық берілген. Оны ішінде мыналарды атап көрсетуге болады: жиырма жасқа дейінгі жастар, оның ішінде жалпы білім беретін мектептердің 11-сынып түлектері, техникалық және кәсіби орта, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері; 18-29 жас аралығындағы жетімдер үйінің тәрбиеленушілері, жетім балалар және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар;  денсаулығы жұмыс істеуге жарайтын мүгедек адамдар; ауылдық жерлерде тұратын әйелдер; 50 жастан асқан зейнет жасына дейінгі адамдар; жұмыс орнының таратылуына, жұмыс берушінің қызметі тоқтауына байланысты жұмыстан шығып қалған немесе қысқартуға ұшыраған адамдар және тағы басқалар. Алайда егер сіз осы санаттың біріне де сәйкес келмесеңіз, бағдарламаға қатыса алмайсыз деген сөз емес. Қатысу үшін өтініш берсеңіз жеткілікті.

Мемлекеттік бағдарламаға қатысу мен қарапайым жұмыс іздеудің арасында қандай айырмашылық бар.

Бір қарағанда, шынымен де, ешқандай айырмашылық жоқ сияқты. Бірақ бағдарламаға қатысу – мемлекет тарапынан көрсетілетін белгілі бір қолдаудың түрі. Мысалға, қайта даярлауға жіберілген адамдарға шәкіртақы төленеді және ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Ал егер адам басқа өңірдегі жұмысқа баруға келіссе, мемлекет оның отбасының жаңа мекенжайға көшірілуін қаржыландырады. Әрине, өз күшіңізбен де көшуге болады, бірақ шығынның бір бөлігі қайтарылса, ол да жаман емес қой.

Бағдарламаның қатысушысы болу үшін не істеу керек

Сізден қыруар жұмыс талап етілмейді. Бағдарлама үш бағытқа бөлінген: Бағдарлама қатысушыларын техникалық және кәсіби біліммен, сондай-ақ қысқамерзімді кәсіби біліммен қамтамасыз ету; жаппай кәсіпкерлікті дамыту; халықты жұмыспен қамту және еңбек ресурстарының мобильділігі арқылы еңбек нарығын дамыту.

Бірінші бағыттың аясында (ТжКБ кадрларды даярлау) барлық елді мекенде мобильді топтар құрылады, олар жыл сайын 20 тамызға дейін дәл осы бағытқа қатысатын үміткерлерді іріктейді. Бекітілген тізім бойынша қатысушылар кәсіби оқу орындарына жіберіледі. Сондай-ақ жергілікті жұмыспен қамту орталығына барып, қысқамерзімді кәсіби білім алу үшін өтініш жазуға болады.

Екінші бағыт (жаппай кәсіпкерлікті дамыту) бойынша өзіңіздің елдімекеніңіздегі жұмыспен қамту орталығына бару қажет. Олар сіздің құжаттарыңызды тексереді, егер анықтамалардың барлығы дұрыс болса, сізді кәсіпкерліктің негізін үйрену үшін арнайы курсқа жібереді. Осы курстан өткеннен кейін, сіз дайын бизнес-жобаңызды (курс барысында оны қалай жазу керектігін үйретеді) шағын қаржылық ұйымға немесе несиелік серіктестікке (сіздің елдемекенде қандай ұйым несие беретіні туралы ақпар беріледі) ұсынасыз. Ол жерде сіздің бизнес-жобаңызға баға береді, егер ол келешекте пайдалы болса, несие береді.

Үшінші бағыт бойынша (халықты жұмыспен қамтуға көмектесу және еңбек ресурстарының мобильдігі) сізге өңірлік жұмыспен қамту орталығында базада бар бос жұмыс орындарына жұмысқа тұруды ұсынады. Егер сіз көшуге дайын болсаңыз, басқа өңірге көшуді ұсынады.

Ұсынатын құжат тізімі көп емес, жеке куәлік көшірмесі, білімі туралы құжат, еңбек кітапшасы (бар болса), мекенжай анықтамасы және 086-У үлгісі бойынша денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама. «Бизнес-бағыт» үшін өз ісін бекітілген формада ұйымдастыру немесе кеңейту бойынша бизнес-ұсыныс қажет болады

Бағдарламаға қатысудың артықшылығы неде

Әрине, сіз банкке өзіңіз барып, бизнесіңізді ашуға несие ала аласыз. Басқа облысқа да өзіңіз көше аласыз. Ал бағдарламаға қатысатын болсаңыз, бұл сіз үшін оңай және арзан болады.

Біріншіден, тегін оқисыз. Сізге көрсетілетін қызметте тегін. Бағдарламаға қатысушылар несие алғанда кепіл беріледі, ал бұл несие беруді айтарлықтай жеңілдетіп, оны алу мүмкіндігін арттырады. Істі енді бастаған кәсіпкер үшін берілетін кепіл көлемі шағын несие сомасының 85%-нан аспайды; ал жұмыс жасап жатқан кәсіпкер үшін шағын несие сомасының 50%-нан аспайды. Сонымен бірге кепіл беруге жататын шағын несие көлемі 8 мың АЕК-тан аспауы керек. Шағын несие мерзімі 5 жыл, мал шаруашылығы саласына арналған  жобалар мен ауылшаруашылық коперативтерін құру үшін берілетін несие мерзімі – 7 жыл, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – жылдық  6%-дан аспайды. Үлкен кәсіпорынды ашу үшін бұл соманың жеткілісіз болатыны түсінікті, бірақ істі бастау үшін жарап жатыр.

Екіншіден, егер сіз басқа өңірге көшетін бағытты таңдасаңыз, онда сіз көшу субсидиясын ұсыну, пәтер жалдау мен коммуналдық қызметтерге кеткен шығынды қайтару (жыл бойына ай сайын отбасы мүшелерінің санына қарай) сияқты мемлекеттік қолдауды аласыз.  Сізге жұмыс беруші қызметтік пәтер ұсынуы мүмкін (бұл бағдарламада қарастырылған). Қызметтік баспана ұсыну және көшуге субсидия белгілеу үшін қатысушы көшіп келген жердің жұмыспен қамту орталығына арнайы белгіленген форма (оны жұмыспен қамту орталығында көрсетеді) бойынша өтініш өткізеді.  Өтініште отбасы құрамын, көшуге арналған субсидия беретін өкілетті ұйымда алдын ала ашылған жеке шотын көрсетеді. Өтінішпен бірге мына құжаттар – халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы, жеке куәліктің көшірмесі, әлеуметтік келісімшарт (бағдарламаны рәсімдеу барысында жасалады), жергілікті атқарушы органның бағдарламаға қатысушының және оның мүшелерінің келген жері бойынша баспанасы жоқ деген анықтама өткізілуі тиіс.

Бағдарлама қаншалықты тиімді

Әзірге мәліметтер тек аралық қана. Мемлекет оқыту, несие беру, көшуге субсидия беру сияқты барлық бағытқа қажетті қаражатты бөлгенін нақты айта аламыз. Егер қолда бар нәтижелерге қарайтын болсақ, онда бағдарламаға 114 мыңнан астам адам қатысқанын, оның ішінде 105 мың адам жұмыспен қамтылғанын көруге болады.