Жыл сайын көктемгі егістік жұмыстарын жүргізуге фермерлерге несие беру үшін бюджеттен қаражат бөлінеді. 2017 жылы бұған «ҚазАгро» холдингінің құрылымдары арқылы 60 миллиард теңге бөлінді. Биылғы жылы көктемгі егістік және жинау жұмыстарын қаржыландыру бағдарламасы бойынша оператор «Аграрлық несие корпорациясы» болып табылады.

«ҚазАгро» мәлімдегендей, биыл несие мөлшерлемелері айтарлықтай төмендеген. Сонымен бірге холдингте несие алуға кім өтініш тастай алады және ол үшін қайда жүгіну керектігін түсіндірді.

Бюджеттік несие алуға кім үміттене алады және қандай талаптарға сай болу керек?

Бюджеттік несие алуға заңды тұлғалар, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтері және жеке тұлғалар (ШҚ, ФҚ, ЖК), несиелік серіктестіктер, микроқаржылық ұйымдар мен екінші деңгейлі банктер үміттене алады. Несие көктемгі егістік және жинау жұмыстарын жүргізу үшін айналымдағы қаражатты толтыруға, сондай-ақ егіншілік өнімдерін сатып алу арқылы фермерлерді одан әрі қаржыландыру үшін беріледі.

Көктемгі егістік жұмыстарына несиені қайдан алуға болады?

Фермер несиені екінші деңгейлі банктің кепіл болуымен тікелей Аграрлық несие корпорациясынан, сондай-ақ

Корпорацияның қаржыландыру есебінен екінші деңгейлі банктерден (ЕДБ), несиелік серіктестіктерден (НС) және микроқаржылық ұйымдардан (МҚҰ) алуға болады.

Көктемгі егістік жұмыстарына несиені қандай шарттар бойынша алуға болады?

Пайыздық мөлшерлемелер мынадай:

фермер Корпорациядан тікелей қарызды бұрынғы 5% мөлшерлеменің орнына 2%-бен ала алады.

Егер қарыз екінші деңгейлі банк (ЕДБ) арқылы алынса, онда несиелеу мөлшерлемесі қарыз алушы үшін 6%-дан аспайды, себебі банкке берілетін мөлшерлеме де 3,7%-дан 2%-ға қысқартылды.

Егер қаржыландыру несиелік серіктестік (НС) немесе микроқаржылық ұйымдар (МҚҰ) арқылы іске асырылса, қарыз алушы үшін мөлшерлеме 6%-дан аспайды, себебі НС пен МҚҰ үшін несиелеу мөлшерлемесі 5%-дан 3%-ға төмендетілді.

Несиеге қол жеткізу үшін қандай құжаттар жинау керек?

 Корпорациядан несие алу үшін фермерлер тұрғылықты жеріне байланысты 13 өңірлік филиалдың біріне немесе Астана қаласында орналасқан орталық кеңсеге келіп жүгіне алады. Қаржы алу үшін өтініш жазу керек және мынадай құжаттар тапсыру қажет:

- қарыз алу үшін өтініштің түпнұсқасы және оған қосымша ЖК, ШҚ, ФҚ субъектісінің несие алу тарихы туралы мәлімет алу үшін несиелік бюроға сұраныс жолдауға және ол туралы мәлімет алуға келісімі және үшінші тұлғаларға ол туралы ақпарат беруге келісімі тіркелген белгіленген нысандағы сауалнама;

- ШҚ/ЖК/ФҚ тіркеу туралы куәлік көшірмесі мен СТН, ШҚ/ЖК/ФҚ басшысының жеке куәлігі мен СТН көшірмелері, ШҚ/ФҚ құрамында бірнеше мүше болса барлық мүшелердің жеке куәлігі мен СТН көшірмелері;

- есепшоты, қарызы немесе өтеу мерзімі асып кеткен қарыздарының бар-жоғы туралы, айдың басы мен соңында, соңғы 12 айда айналымдағы кіріс және шығыс ақша қалдықтары, К-2 бойынша қарыздың болуы/болмауы туралы қызмет көрсететін банктен берілетін анықтама түпнұсқасы;

- жер телімдерінің, ірі қара мал ұстауға арналған қора-жайдың бар екенін растайтын құжаттардың көшірмелері (жалға алу, сату-сатып алу шарты, жекеменшікке құқық немесе жер телімін жалға алу актісі, жер телімін беру туралы уәкілетті органның қаулысы);

- бекітілген үлгідегі техника-экономикалық негіздеме (бизнес-жоспар) түпнұсқасы;

- ірі қара малдың бар екені туралы уәкілетті органнан берілетін анықтама түпнұсқасы (ІҚМ болса). Толығырақ мына жерден таныса аласыз:http://www.kazagro.kz/web/acc/spring-field-harvest

Банктерден, несиелік серіктестіктерден және микроқаржылық ұйымдардан қарыз алу үшін тұрғылықты жері бойынша осы қаржы институттарының филиалдарының мекенжайына жүгінуіңіз қажет. Корпорациямен серіктес ЕДБ, НС және МҚҰ тізімін http://www.kazagro.kz/web/acc сайтынан табасыз немесе 8-8000-80-00-08, 8 (7172) 55-99-64, 55-99-65 телефондары бойынша біле аласыз.

Қарыз алушы қандай талаптарға сай болуы тиіс?

«ҚазАгро» түсіндіргендей, бес негізгі талап бар. Олар – төлеуге қабілеттілік пен қаржылық тұрақтылық; банктер мен өзге қаржы институттары алдында мерзімі асып кеткен салық қарыздарының болмауы; кепілге қоятын мүлкінің болуы; іс жүзінде егістік егілген аумақтар мен жалпы жұмыс істеу мерзіміндегі, бірақ 3 (үш) жылдан артық емес мерзімдегі өнімділік туралы расталған мәлімет; егістік алқаптарының бар екенін растайтын құжаттардың тапсырылуы.

Тек басымдық берілген дақылдар қаржыландырылады деп естідік, бұл рас па?

Шынымен де, ауыл шаруашылығы министрлігі көктемгі егістік жұмыстарын қаржыландыру тәртібін қайта қарады. Осыған орай, бірінші кезекте қаржыландырылатын басымдық берілген дақылдар ретінде майлы дақылдар (күнбағыс, зығыр, рапс, соя), арпа, қант қызылшасы, күріш, жүгері, мақта, сұлы және картоп белгіленді. Басымдық берілген дақылдарға 2017 жылдың 1 сәуіріне дейін 22 млрд теңге көлеміндегі сома сақталып тұр. Осы мерзімнен кейін қалған қаражат шаруалардан түскен өтініштер бойынша бөлінеді. Егер сақталып қойған қаражат игерілмесе, қалған сома барлық ауыл шаруашылық дақылдарын өсіруге беріледі.

Демек, егер диқан бидай ексе, ол қарыз ала алмай ма?

Мүлде жаңсақ пікір. Қазақстанның бидай өндірушілері бюджеттік несие алуға қатыса алатыны сөзсіз. Себебі басымдық берілген дақылдарға тек 22 млрд теңге (жалпы бөлінгені 60 млрд) сақталып қойылады, ал қалғандарына, оның ішінде дәнді дақылдарға 38 миллиард теңге беріледі. 1 сәуірден кейін 22 млрд теңге резервтен шығарылып, қолданылмаған қаражат басымдығына қарамастан барлық дақылдар бойынша бөлінеді.

Шағын фермерлік қожалықтар және несие алуға алғаш өтініш беріп отырғандар қалайша несиеге қол жеткізе алады?

Шағын фермерлік қожалықтар мен несие алуға алғаш келіп отырғандар ірі агроқұрылымдармен қатар тікелей Корпорацияға, НС, МҚҰ немесе ЕДБ-ге жүгіне алады. Кәсіпорынның ауқымы бойынша ешқандай шектеуге талап қойылмайды.

 Алайда жаңа құрылған және шағын қожалықтарға «ҚазАгро» холдингі несиелік серіктестіктерге жүгінуді ұсынады. «Несиелік серіктестіктегі қарыздар – айнымалы капиталды жедел әрі оңай толықтыру әдістерінің бірі. Өтінім аз уақытта қарастырылады, талап етілетін құжаттар саны аз және жұмсақ несиелеу саясаты қолданылады, осының бәрі шағын фермерлік қожалықтар үшін тартымдырақ болып табылады», – деп түсіндіреді холдингте.

Егер кепілге қоятын мүлік жеткіліксіз болса не істеуге болады?

Көктемгі егістік және жинау жұмыстарын несиелеу бағдарламасының шарттарына сәйкес, кепілге жер телімдері, үй, аудандарда орналасқан жылжымалы және жылжымайтын мүлік, мал, ауыл шаруашылығы техникасы қабылданады. Егер кәсіпкердің кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз болса, қарыз алу үшін несиелік серіктестікке жүгінген жөн. Сонда ғана туған-туыс немесе өзге үшінші тұлғалар кепіл беруші бола алады.