Қазақстанда 2013 жылдан бастап мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі жұмыс істейді. Бұл баласының оқуына қаражат жинауға бел буған кез келген адам аша алатын арнайы депозиттің түрі. Аталмыш жүйе бізге не береді және оны қалай пайдалануға болатынын төменде түсіндіреміз.

Білім беру депозиті деген не және ол қарапайым депозиттен несімен ерекшеленеді?

Бұл екінші деңгейлі банкте ашылатын арнайы депозит, оның мақсаты – баланың ЖОО-да немесе колледжде білім алуын төлеу. Бұл депозиттің артықшылығы – бюджеттік қаражат есебінен есептелетін  арнайы мемлекеттік сыйақының берілуі.
Мемлекеттің сыйақысы білім беру жинақтау салымының сомасына жылына 5% және 7% мөлшерінде, бірақ 100 АЕК-ден көп емес есептеледі.

Басымдық берілген санатқа жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оның ішінде кәмелет жасқа келгендер, бірақ 23 жастан аспағандар; мүгедек балалар;  көпбалалы отбасынан шыққан балалар; аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар жатады. Ашылған депозиттерге жылына 7% мөлшерінде сыйақы есептеледі.

Бұл салымға банк тарапынан сыйақы бөліне ме әлде тек мемлекет тарапынан ғана ма?

Мемлекеттен бөлек банк те өз сыйақысын бөледі, оның мөлшерлемесі жылына 14%-ды құрайды. Банктің сыйақысы ай сайын есептелсе, мемлекеттің сыйақысы тек жинақталған сомаға жылына бір рет қана (жыл соңында) есептеледі.

Салымды ашу үшін не істеу керек?
 

Сізге бұл жүйенің қатысушысы болып табылатын банкті таңдау қажет. Қатысушы банктердің жаңартылған тізімін білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ-ның сайтынан (http://www.fincenter.kz) көре алады. Әзірге жүйеге төрт банк қана қатысады – «Халық банк», «Нұрбанк», «Цеснабанк», «ВТБ (Қазақстан)».
Банкке келесідей құжаттар тапсыру керек: өзіңіздің жеке куәлігіңіз және баланың құжаты (туу туралы куәлігі, ЖСН). Осыдан соң бастапқы жарнасын салып, тұрақты түрде депозитті толтырып отырыңыз.

Бастапқы жарна қанша болуға тиіс?
 

Салымды ашу туралы шарт жасасқан кезде банктің менеджері білім беру қызметіне төлеуге қажетті соманы жинау үшін ұсынылған алғашқы жарнаның сомасын есептеп бере алады. Әзірше тек бастапқы жарнаның ең төменгі мөлшері анықталды. «Қаржы орталығының» ақпаратына сәйкес, ол «НұрБанк» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «ВТБ»(Қазақстан) АҚ-да – 3 АЕК-ні, ал «Қазақстанның Халық банкі» АҚ-да – 15 000 теңгені құрайды. Бірақ егер мүмкіндігіңіз жетсе, одан да жоғары соманы салсаңыз болады.

Бұл депозиттер қандай мерзімге ашылады?

Ең төменгі жинақтау мерзімі 3 жылды құрайды, ең ұзақ мерзім қарастырылмаған. Тек мемлекеттік сыйақыны есептеу мерзімі бойынша ғана шектеу бар – мерзімі 20 жылдан асқан салымдарға сыйақы төленбейді.

Бұл депозиттің есебінен оқуды тек Қазақстанның жоғарғы оқу орындарына ғана төлей ме?

Жоқ,  бұл депозиттің  қаражаты әлемнің кез келген елінде білім алуды төлеуге арналған. Егер сіздің балаңыз шетелдік оқу орнына түссе, сіз мемлекет сыйақысы мен банктің мөлшерлемесі есептелген жинақталған қаражатыңыздың есебінен оның оқуын төлеуге құқығыңыз бар, тек шетелдік оқу орнына түскенін растайтын құжатты көрсету керек. Айта кету керек, қаражат шетелдік оқу орнына аударылғаннан кейін мемлекеттік сыйақының есептелуі тоқтатылады.

Егер жинақталған қаражат жеткілікті болып, тіпті одан ақша қалса, оны депозиттен алуға бола ма?
 

Әрине, салымшы не оның заңды өкілі оқудың барлық кезеңінің ақысын төлегеннен кейін қалған соманы мемлекеттік сыйақысымен қоса алуға құқығы бар.

Банк банкрот болса, оның депозитінің сақталатынына кепілдік бар ма?

Кепілдікті мемлекет береді. Білім беру жинақтау депозиті жеке тұлғалардың депозиттерін міндетті сақтандыру нысаны болып табылады (10 млн теңгеге дейінгі мөлшерде).

Мұндай депозиттердің саны туралы мәлімет бар ма?

«Қаржы орталығы» АҚ-ның мәліметіне сәйкес, қазіргі кезде аталған жүйе бойынша салымшылар саны 17 мың адамнан астам, білім беру депозиттерінің жалпы сомасы 11,5 млрд теңгеден асып түседі. Тек қана  2017 жылы жалпы сомасы 556 млн теңгеге мемлекеттік сыйақы есептелді