Біріккен Араб Әмірліктеріне тиесілі компания Қонаевта қант зауытын салмақ

217

Al Khaleej Sugar – әлемдегі ең ірі автономды және энергия үнемдейтін қант зауыты. Ол әлемдік тазартылған қант нарығының шамамен 3 пайызын қамтиды.    

Біріккен Араб Әмірліктеріне тиесілі компания Қонаевта қант зауытын салмақ Фото: canva.com

Алматы облысында әлемдік қант өнеркәсібінің көшбасшыларының бірі – Al Khaleej Sugar компаниясының зауыты салынуы мүмкін, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жобаны жүзеге асыру мәселелері облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен компанияның басқарушы директоры, шейх Джамаль Аль Гурайр арасындағы кездесуде талқыланды.

"Алматы облысы аграрлық әлеуеті жоғары өңір. Дамуды жалғастыру үшін бізге заманауи технологиялар мен сенімді серіктестер қажет. Бүгінгі кездесу – өңір экономикасы үшін маңызды қадам", – деді Марат Сұлтанғазиев.

Кездесу барысында зауыттың орнын таңдау, қант қызылшасы үшін егістік алқаптарды ұйымдастыру және оларды сумен қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды. Қонаев қаласына жақын орналасқан аумақ логистикалық тұрғыдан тиімді деп танылды. Алайда су мәселесі шешілмеген күйінде қалып отыр – егістіктерді суару үшін баламалы су көздері іздестірілуде.

"Біз үшін егістік алқаптарды сенімді әрі жеткілікті су көздерімен қамтамасыз ету өте маңызды. Жобаны тиімді жүзеге асыру үшін гидрология саласындағы үздік мамандарды тартамыз", – деді шейх Джамаль Аль Гурайр.

Инвесторлар зауытты толықтай автономды ету мақсатында жел электр станцияларын салу мүмкіндігін де қарастыруда.

"Біздің мақсатымыз – толықтай дербес кәсіпорын құру. Қайта жаңартылатын энергия көздерін пайдалану қоршаған ортаға әсерді азайтып, зауыттың ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз етеді", – деп қосты шейх Аль Гурайр.

Кездесу қорытындысында тараптар өңірдің гидрологиялық ресурстарын жан-жақты зерттеу үшін кәсіби консультанттар мен мамандандырылған ұйымдарды тартуға уағдаласты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу