Алматыда жартылай марафонға қатысқан 2 адам қайтыс болды

399

Екеуі де жыл сайын марафонға тұрақты қатысып келген.

Алматыда жартылай марафонға қатысқан 2 адам қайтыс болды Фото: informburo.kz

Алматыда өткен жартылай марафонға қатысқан 84 және 21 жастағы екі қатысушының денсаулығы кенет сыр беріп, жарыс үстінде көз жұмды, деп жазады inbusiness.kz сайты.   

Ұйымдастырушылар медициналық қызметтерді уақытылы көрсетсе де, екі қатысушыны құтқарып қалу мүмкін болмапты.

Айта кетейік, Аққоян Рсалиев – 84, ал Нұрбол Ахмади – 21 жаста.

Марафон 20 сәуірде таңертең Тұңғыш Президент саябағынан Орталық стадионға дейінгі бағыт бойынша өткен. Марқұм Аққоян Рсалиев 4 жылдан бері аталған шараға қатысқан. Тіпті қысқа қашықтықты қойғанда, 10 шақырымды емін-еркін бағындырған көрінеді. Алайда, ол бұл жолғы жарыстың алғашқы шақырымында-ақ өзін жайсыз сезінген.

– Сағат 8:15-те Полиция департаментінің қызметкерлері қатысушы құлап қалғанын мәлім етті. Жедел жәрдем бір минуттың ішінде жеткен кезде, жүрек соғысы болмаған. Реанимациялық шаралар хаттамаға сай жасалды. Алдын ала қорытынды бойынша оған өкпе артериясының тромбоэмболиясы деген диагноз қойылған. Онда созылмалы артериалды гипертензия болған, – деп хабарлады 2/51 бригаданың дәрігері Әлібек Қожаназаров.

Ал марафонға қатысып, көз жұмған екінші қатысушының жасы небәрі 21-де. Есімі Нұрбол Ахмади. Ол да бұған дейін Winter Run 2025 шарасында 10 км арақашықтыққа жүгіруге қатысқан. Астана мен Алматыда өтетін жартылай марафонға, сонымен бірге Алматыдағы марафонға тіркелген.

Осыған дейін үнемі қатысып жүрсе де, бұл жолы ол марафонның 16-километрінде есінен танып қалған. Өкініштісі, жас жігіт бригада келгенше жан тапсырған.

– 09:18-де оқиға орнына жеткен кезде ұйқы артериясында жүрек соғысы сезілмеген, тыныс алу тоқтаған, қан қысымы нөлге тең болды. Ренаимациялық шаралар хаттамаға сай жасалды. Нәтиже болмады. 103 бригадасы келгенше ол жан тапсырды. Алдын ала диагноз – өкпе артериясының тромбоэмболиясы, жедел жүрек жеткіліксіздігі, – деп атап өтті 8/58 бригада дәрігері Әйгерім Есдәулетова.

Дәрігерлер қатысушылар өлімі сот-медициналық сараптамадан соң анықталатыны және оның нәтижелерін жақын арада марқұмдардың туыстарына хабарлайтынын жеткізді.

– Жүгіру шарасында қатысуға тіркелу кезінде барлық қатысушы физикалық тұрғыда спорттық шараға қатысуға дайын екенін және өз денсаулығыны үшін толықтай жауапкершілік алатыны туралы қолхат жазады. Бұл осындай марафондар өткізу кезіндегі әлемде қолданылатын тәжірибе. Almaty Marathon қатысушыларына арнап біз жыл бойы тұрақты түрде қауіпсіз жүгіруге дайындалу тақырыбында сарапшыларды шақырып, тегін ашық жаттығулар мен дәрістер өткіземіз. Шара басталатын күні тамақтану орындарында жедел көмек көрсету үшін барлық қажетті жабдығы бар медициналық ұжым отырады. Жүгіру бағыттарын алдын ала полиция, жедел жәрдем бригадалары талқылайды, – деді "Бірінші болу – батылдық" корпоративтік қордың атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.

Қор марқұмдардың туыстарымен хабарласты. Отбасыларына материалдық көмек көрсетуді жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу