Үкімет басшысы: "Биыл битум бойынша ішкі нарықты толық қамтамасыз ете аламыз ба?" – деген сауал қойды. "Қазмұнайгаз" басшысы бұл Көлік министрлігінің тапсырысты қаншалықты тиімді үйлестіре алғанына байланысты екеніне тоқталды.
– Көлік министрлігінің биылға берген сұранысы бойынша 1,2 млн тонна битум өндіруіміз керек. Ең бастысы, жол салатын компаниялар тапсырысты уақытында берсе, битум шығаратын компанияларды оны орындайтын қуат баршылық. Бізде Caspi Bitum мен Павлодар мұнай-химия зауытынан басқа тағы бір зауыт бар. Шымкенттегі "ҚазақБитум" ЖШС 300 мың тонна битум өндіре алады. Сонда жылына 1,5 млн тоннаға дейін битум шығаруға болады, – деді Асхат Хасенов.
Көлік министрі Марат Қарабаев тапсырыстар уақтылы беріліп, орындалып жатқанымен бәрібір битум импорты неліктен тоқтамайтынын түсіндірді.
– Бізде белгілі бір мөлшерде импорт қалады. Өйткені жол жөндеу жұмыстары, жалпы жол салу жұмыстарының ауқымы былтырғымен салыстырғанда ұлғайып жатыр, – деді министр Қарабаев.
Айта кетейік, осыған дейін еліміз бойынша биыл 13 мың шақырым жол жөнделетінін жазған болатынбыз. Жақында Ақтаудағы Caspi Bitum-нен битумның бірінші партиясы алынды. Caspi Bitum зауытының ресми іске қосылуы және толық қуатына шығуы 2025 жылғы мамыр айының басына жоспарланған.