Мұндай сүйінші жаңалықты Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, жаңа Салық кодексінде ескі көліктерге салық мөлшерін азайту туралы норма бар. Ержан Біржанов бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысынан соң БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап бергенде тоқталып өткен.
– Әрине, жобада ұсынылған осы норма сақталды. Егер автокөлік 20 жылдан астам уақыт пайдаланылып келсе, салықтың жартысын төлейді. Ал 10 жылдан асқан автокөліктерге салық 30 пайызға азаяды, – деп нақтылады ол.
Қаржы вице-министрі қазіргі уақытта елді мекендер мен шалғай ауылдарда ескі көліктердің көп екенін жасырмады.
– Осы тұрғындардың салық жүктемесін жеңілдету үшін мұндай нормаларды енгізіп отырмыз. Бұл норма қозғалтқыш көлемі үлкен немесе шағын көліктердің барлығына қатысты. Жол талғамайтын (жоғары салық төлейтін) көліктер де қамтылады, яғни 20 жылдан асса, 50 пайызын төлейді, – деп қоса кетті Е.Біржанов.