Сейілбек Алтынбекұлы 1944 жылы 15 маусымда Қызылорда облысы Сырдария ауданы Киров колхозында дүниеге келген.
Мектепті бітіргеннен кейін Сейілбек әскери жолды таңдап, Ташкент жалпыәскери командалық училищесінде кәсіптік білім алды. Фрунзе атындағы Әскери академияда оқыды. Әскери училище курсантынан штаб бастығы – Қазақстан Қорғаныс министрінің бірінші орынбасарына дейінгі жолдан өтті.
Сейілбек Алтынбеков Қарулы күштерді қалыптастыру және елдің қорғаныс қабілетін нығайту ісіне көп еңбек сіңірді.
1992 жылдың қазанынан 1993 жылдың желтоқсанына дейін Республикалық ұланның қолбасшысы болып, елдің жоғары басшылығы мен негізгі мемлекеттік органдардың жеке күзеті қызметіне басшылық жасады.
Кейін Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетте жауапты лауазымдарда қызмет етті.
Сейілбек Алтынбекұлы II дәрежелі "Данқ", "Қызыл жұлдыз" ордендерімен және көптеген медальмен марапатталған.
Айта кетсек, генерал-майор өткен жылы 80 жас мерейтойын атап өткен еді. Айтулы датаға орай Қорғаныс министрі қарулы күштердің құрылысына қосқан үлесі және жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудегі зор еңбегі үшін алғыс білдіріп, Сейілбек Алтынбекұлына "Ел қорғаны" медалін табыс етті.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің басшылығы мен жеке құрамы генерал-майор Алтынбеков Сейілбек Алтынбекұлының дүниеден озуына байланысты туған-туыстарына және жақындарына көңіл айтады.