Зеленский әскери көмекті тоқтатқан Трампқа жауап берді

1659

Киев Вашингтонның барлық қолдауына алғыс білдірді. 

Зеленский әскери көмекті тоқтатқан Трампқа жауап берді Фото: reuters

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың Украинаға әскери көмек беруін тоқтатуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты УНИАН-ға сілтеме  жасап.

"Мен Қорғаныс министріне, барлау қызметінің басшыларына, дипломаттарымызға АҚШ-тағы әріптестерімен байланысып, ресми ақпарат алсын деп тапсырмасын бердім. Украина мен Америка өзара құрметке негізделген диалогқа, бір-бірінің айқын позициясына лайық",  деді Зеленский Telegram-арнасында.

Ол осыған дейін Украина бірнеше апта бойы түрлі белгілер алғанын, көмек тоқтаған жағдайдың орын алғанын айтты.

"Гуманитарлық көмек, энергетикалық көмек тоқтатылған болатын. Сонымен қатар, қаңтар айының соңында әскери көмек те тоқтатылған еді, бірақ бәрі тез арада қалпына келді. Біз тәуекелдерді көрдік. Сондықтан біздің әскеріміз бен арнайы қызметтеріміз кез келген жағдайға дайын әрекеттер алгоритмдерін әзірлеп үлгерді. Қазір 2022 жыл емес. Біздің төзімділігіміз жоғары. Бізде қорғаныс құралдары бар. Алайда біз үшін Америкамен қалыпты, серіктестік қатынастар маңызды. Бұл соғысты аяқтауға мүмкіндік береді. Біздің ешқайсымыз шексіз соғысты қаламаймыз",  деп атап өтті Украина басшысы.

Сөзінше, Украина Американың берген және беріп жатқан барлық қолдауына алғыс білдіреді.

"Бұл тек біздің ел туралы ғана емес. Бұл барлық Еуропаға қатысты. Біз конструктивті ынтымақтастыққа, серіктестік қатынастарды орнатуға ұмтыламыз. Ақ үйде болған жағдайға келсек, келіссөздердің орнына осындай жағдайдың болғаны өкінішті. Бірақ әрі қарай күш тауып, біз әрдайым Америка, Еуропа, барлық серіктестерді құрметтейтіндей, бір-бірімізді сыйлауымыз керек. Бейбітшілікті жақындату үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Мен осы мәселе бойынша Украинаға қолдау көрсеткен барлығына алғыс білдіремін",  деді Зеленский.

Айта кету керек, осыған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамп Украинаға барлық әскери көмекті тоқтата тұруға бұйрық бергенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу