Арнайы министрліктің құрылуы да осы саланың бойына қан жүргіртуге сәлде болса өз үлесін қоса алды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Шыны керек, мамандар кейінгі кезде су соғысы туралы ашық айтып, бұл болжамның ықтималдығын алға тартудан именбей жүр. Қайтпек керек? Әрине, ол жағдай болмас үшін елімізде қазақ суының стратегиялық саясаты қалыптасуы қажет. Әлбетте, бұл – өте ауқымды тақырып.
Inbusiness.kz сайтының тілшісі осы орайда су тапшылығының алдын алудың ең қарапайым тәсілі саналатын, бірақ нәтижелі нұсқасы – тамшылатып суару әдісінің тиімділігіне тоқталып көрген еді.
Кейінгі жылдары Сырдария өзенінің суы бірде аз, бірде көп шығып жүр. Судың көптігінен әрі қарғын судың да әсерінен су тасқыны жағдайлары төбе көрсетсе, аздығынан жердің тұздануы күшейіп, суару жүйелерінің тиімсіздігі, құрғақшылық, жалпы алғанда экологиялық мәселелер күрделене түсіп отыр.
Экология министрлігі Су ресурстары комитетінің мәліметі бойынша, Қазақстан Сырдариядан жылына ең болмағанда 10 млрд текше шақырым су алуға тиіс саналса, соңғы жылдары бұл межеге жете алмай келеді.
Мысалы, 2021 жылы халықаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы "сәуір-қыркүйек аралығында Қазақстанға 4 млрд м³ су келуі керек" деп болжаса да, іс жүзінде шамамен 2 млрд м³ ғана су жеткен. Мұндай мысалдың бірнеше нұсқасы бар. Анығы, су деңгейінің ең күрт төмендеген кезеңі – 2019-2021 жылдар аралығы. Осы уақыттарда өзен арнасының кей тұсы құрғап, табаны шаң боп төбеге көтерілді.
2022 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында су тапшылығы туралы ашық айтып, бірқатар тапсырма берген-ді. Мойындауымыз керек, содан бері жағдай біршама жақсарып қалды, бірақ жоғалғанымыз толық табылып, түгенделіп кетті деуге әлі ерте.
– Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес: инфрақұрылым әбден тозған, автоматтандыру мен цифрландыру деңгейі төмен, ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы, – деген болатын сонда Мемлекет басшысы.
Жоғарыда жазғанымыздай, қазір бұл салада қозғалыс бар. Әрі біз мысалға келтірген тамшылатып суаруды еліміздің қолға алғанына да біраз уақыт болды. Мұны қазіргі жағдайдағы ең үнемді тәсілдің бірі десек, қателеспейміз.
Бұл технология дүниежүзінің тәжірибесінде алғаш рет 1960 жылдары Израильде енгізіліпті. Осы күні аталған тәсіл Түркия, Қытай, Үндістан сияқты елдерде де қолданыс тапқан. Сол арқылы кейбір аймақта өнім көлемі 20-30 пайызға дейін көбейгені белгілі болып отыр.
Ғалым, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов бұл әдіс арқылы суды көп мөлшерде үнемдеуге болатынын айтқан.
– Тамшылатып суару жүйесі – көптеген дақыл үшін тиімді әдіс. Десе де, күріш дақылына бұл тәсілді қолдану белгілі бір қиындықтар туғызады. Күріш өсіру дәстүрлі түрде су басу әдісімен жүзеге асырылады. Дегенмен, кейбір елде, мысалы, Түркия мен Испанияда, күрішті тамшылатып суару әдісімен өсіру тәжірибесі бар екені белгілі. Қызылорда облысында шамамен 80 мың гектар жерге күріш егілетінін ескерсек, бұл көлемде тамшылатып суару әдісін қолдану техникалық және экономикалық тұрғыдан қиындық тудырады. Алматы қаласындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында шағын атыздарда күрішті тамшылатып суару бойынша тәжірибе жүргізілген. Бұл зерттеулер негізінен селекциялық жұмыстарға бағытталған, өйткені бұл әдіс арқылы суды кешіп өтпей-ақ, құрғақ жермен жүріп, дақылға күтім жасауға мүмкіндік бар, – деді ол.
Сарапшы тамшылатып суару әдісі, әсіресе Қызылорда секілді шөлді аймақтардың егін егу мүмкіндігін едәуір жоғарылататынына сенімді.
– Тамшылатып суару әдісі Қызылорда облысының топырақ және климат жағдайына жақсы бейімделеді. Мұндай әдіс алғаш рет Израильде тұщы су қорының аздығына байланысты енгізілген. Қызылорда облысында бұл әдіс көкөніс және бақша дақылдарын өсіруде тиімділігін көрсетіп отыр. Жерасты суларының деңгейінің көтерілуі немесе топырақтың тұздануы сияқты мәселелер тамшылатып суару кезінде айтарлықтай байқалмайды, бұл әдістің өңір үшін қолайлы екенін көрсетеді, – деп қоса кетті ғалым.
Журналист Ердәулет Қалиев аталған тәсілге бастан-аяқ ауысуға не кедергі екенін атады. Оның сөзінше, дәл осы жағдайда қарама-қайшылықтар бар.
– Тамшылатып суару жүйесі – суды үнемдеудің тиімді амалы. Бірақ ол қазіргіден әлдеқайда кең ауқымда қолданылуы тиіс. Мен осы тақырыпты зерттеу барысында бір нәрсеге көз жеткіздім. Яғни, басты мәселе – бұл технологияны енгізуге ниетті шаруалар жеткілікті болғанымен, оларға қаржы және инфрақұрылым болмауы кедергі. Демек, бұл технология тек агрономиялық немесе техникалық емес, ең алдымен экономикалық мәселе болып отыр. Бір ғана сүзгі мен сорғы – қыруар шығын. Ал жоба-смета құжатынсыз субсидия берілмейді.
Нақты шешім – тамшылатып суару жүйесіне берілетін арнайы мемлекеттік субсидияны қайта қарап, оған қол жеткізу механизмдерін оңайлату. Соның арасында шаруаларға жобалық құжаттарды дайындауда тегін немесе жеңілдетілген көмек көрсету, субсидия алу тәртібін цифрландыру, дайын үлгілік жобалар жасап беру арқылы жүйені қолжетімді ету керек. Сонымен қатар, бұл саланы толық игеру үшін шаруаларға арналған оқу курстарын, демонстрациялық алаңдар мен шеберлік сабақтарын көбейту, тамшылатып суарудың артықшылығын тәжірибе арқылы көрсету қажет, – дейді ол.
Сарапшы-мамандармен тілдесу арқылы тағы бір маңызды ұсыныс енгізуге болатын жеткізді. Ол – шетелдік тәжірибені зерттеу арқылы елімізге бейімделген үлгі жасау.
Ердәулет Қалиев "тамшылатып суару – түбегейлі шешім емес, бірақ соған апарар негізгі жолдың бірі" дегенді айтады. Әлбетте, су жетіспеушілігі – жаһандық мәселе. Сондықтан, бұл атүсті қарайтын тақырып емес.
Бұған дейін сырбойылық диқандардың су үнемдеу арқылы күріш өнімділігін 30%-ға арттырғаны хабарлаған еді.