Сырбойылық диқандар су үнемдеу арқылы күріш өнімділігін 30%-ға арттырды

Өңірде күріш дәні сәуір айының үшінші онкүндігінде себілмек.  

Сырбойылық диқандар су үнемдеу арқылы күріш өнімділігін 30%-ға арттырды Фото: inbusiness.kz

Облыс бойынша, көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға 40 миллиард теңге бөлініп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бүгінгі күнге дейін жоспарланған жоңышқа егістігінің 42%-ы, мақсарының 38%-ы, бидайдың 77%-ы, арпаның 25%-ы және қант құмайының 9%-ы егіліп болған.

Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев соңғы жылдары күрішті лазерлік тегістеу арқылы егіп жатқанын жеткізді.

– Диқандар соңғы 10 жылдан бері 55 мың гектар күріш атызына лазерлік тегістеу жұмыстарын жүргізді. Осылайша, суды үнемдеу арқылы өнімділік көрсеткішін 30%-ға дейін көтеруге болатынын дәлелдеді. Биыл оны 60 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр, – деп атап өтті ол.

Дүйсебаевтың сөзінше, ертең Өзбекстанда өтетін мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының кезекті отырысында вегетация кезеңіне су лимиті белгіленбек. Егіс көлемі соған қарай нақтыланатын болады.

Бұған дейін Сыр өңіріндегі экспортталған өнімнің 92,1 пайызы күріш екенін жазған едік. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу