Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жалпы, Сыр өңірінде егін шаруашылығын дамытуда және әртараптандыруда кешенді іс-шаралар қолға алынып келеді. Кейінгі 3 жылда аграрлық саланы қолдауға мемлекет тарапынан 43 млрд теңге бөлінген. Соңғы 2 жылда 20 млрд 300 млн теңгеден астам инвестиция тартылып отыр.
– Мемлекеттік қолдаудың арқасында машина-трактор паркі жаңартылуда. Үш жыл ішінде 20,9 млрд теңгеге 680 техника алынды. Осы жылы 8 млрд 800 млн теңгеге 250 ауыл шаруашылығы техникасы әкелініп, машина-трактор паркі 5 пайызға жаңаланды.
Биыл 6,8 млрд теңгенің 11 инвестициялық жобасы жоспарланып, құны 6 млрд 400 млн теңгені құрайтын 9 жоба іске асты. Қалған 2 жоба жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Бұл ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемінің жыл өткен сайын артуына оң ықпал етті, биыл осы көрсеткіш 229 млрд теңгеге жетеді, – деп атап өтті облыс әкімі.
Сыр диқандары биыл 189 мың 400 гектар жерге егін еккен. Негізгі дақыл күріш 85 мың 600 гектарға себіліп, әр гектардан 58 центнерден өнім алынған, сондай-ақ жарты миллион тоннаға жуық күріш жиналған (496,4 мың тонна).
Статистикалық деректерге сенсек, 2024 жылдың 1 қыркүйегіне облыстан 28,7 млн доллардың 52,9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталған. Өнімдер әлемнің 17 мемлекетіне жіберілген. Былтырғымен салыстырғанда күріш экспорты 166,9 пайызға артып отыр.
Экспортталған өнімнің 92,1 пайызы, яғни 48 725,7 тоннасы – күріш. Сыр маржаны Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Тәжікстан, Украина, Моңғолия, Өзбекстан және Иракқа жөнелтілген.
Соңғы жылдары Сыр диқандары 55 мың гектар күріш егістігін лазермен тегістеді. Нәтижесінде суды үнемдеп, өнімділікті 30 пайызға арттырған.