Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтының түсіндіруінше, о дүниелік өмір қарсаңында бұл дүниедегі тіршілік атаулы түгелдей тоқтайды. Мұны, яғни, тіршіліктің тоқтау мерзімін "қиямет қайым" дейді. Заманақырдың болатынын жер бетіндегі діндердің барлығы мойындайды.
"Өйткені әлемдердің Раббысы Алла ерте ме, кеш пе қиямет қайымды болдырады. Алланың әмірін орындап, тыйымдарынан тыйылып және бағынып, азабынан қорқыңдар. Өйткені қиямет жойқын, өте қорқынышты оқиға. Қалай болатынын ешкім ойлап біле алмайды... Ислам діні бойынша бұл күннің болатынына сену – иман тіректерінің бірі, мұсылман ақидасының ажырамас бөлігі. Сол себепті, шынайы мұсылман ақырзаманның болатынына сеніп қана қоймай, оның негізгі белгілерін де білуі керек", – деп мәлім етті ҚМДБ.
Бірақ оның нақты датасын ешкім айта алмайды. Себебі, қасиетті Құранда айтылғандай, ақырзаманның нақты қашан болатыны бір Аллаға ғана аян!
Ғалым, тәпсірші Фахриддин әр-Рази (Алла оны рақымына алсын) қияметтің жасырын болуының хикметін былай түсіндіреді: "Пенделер оның қашан болатынын білмесе, одан қорқып, сақтанып жүретін болады. Осы жағы бағыныштылыққа жетелеуші және күнәға тосқауыл қоюшы рөл атқарады", – деген.
Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қиямет қайымның қашан болатынын сұрағандарға, ұдайы: "Оның уақытын Алла біледі", – деп жауап беретін. Десек те, ақырзаманның уақытын айтпағанымен, оның белгілерін көптеген хадистерінен кездестіруге болады.
Ақырзаманның белгілерін ғұламалар сол хадистерге сүйене отырып екіге бөледі: кіші белгілері және үлкен белгілері.
ҚМДБ түсіндіруінше, ақырзаманның кіші белгілеріне біріншіден, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жер бетіне жіберілуі жатады.
Екіншіден, адамзат тарихы түгесілердің алдында ілімнің азаюы, сауатсыздықтың көбеюі, арақ ішу, түрлі масаю және зина жасау етек алады. Үшіншіден, қызмет өз маманына берілмеген жағдайлар орын алады. Сауатсыз басшы көбейеді.
Ал, енді қияметтің үлкен белгілеріне тоқталсақ, сахаба Хузайфа ибн Әсиид әл-Ғифари (Алла оған разы болсын) былай дейді: "Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
– Сендер мына он нәрсені көрмейінше қиямет қайым болмайды – деді: Тұманды (түтін), Дажжалды, Даббатул арзды, Күннің батқан жақтан шығуын, Хазіреті Исаның (оған Алланың сәлемі болсын) көктен түсуін, Яжүж-Мәжүждің шығуын, Шығыс жақтағы бір жердің шөгуі, Батыс жақтағы бір жердің шөгуі, Араб түбегіндегі бір жердің шөгуі, Йеменнің Аден жазығының ең шалғайынан бір от шығады. Ол от барлық жерді өртеп отырып, адамдарды махшарға дейін алып барады", – деп жауап берді (имам Мүслим).
Осы хадисте айтылған қияметтің 10 белгісін ғалымдар қиямет күнінің үлкен белгілеріне жатқызған.
Қияметтің үлкен белгілері үзіліп түскен моншақтай бірінің артынан бірі сау етіп келеді. Мысалы, діни басқарма түсіндірмесінде айтылғандай, тұман дегені, қиямет қайым жақындағанда жер бетін қауіпті түтін-тұман жабады. Бұл тұман қырық күн, қырық түн бойы аспан мен жердің арасын толығымен толтырады.
Дәжжалдың шығуы – ең ауыр сынақтың бірі. Пайғамбарлар адамзатты Алла Тағалаға иман келтіруге үндесе, Мәсіх Дәжжал адамдардан өзін тәңір деп мойындауын талап етеді.
Дәжжалдың бүлігі жайында Шортанбай ақынның (1818–1881) "Заман ақыр" өлеңінде де айтылған: "Тажал шығып, дінді бұзғай, Қылышынан қан тамызғай, Мұсылмандар анда тұрғай, Сол малғұн тәңірмін деп, Дау қылса керек-ті".
Сондай-ақ, ақырзаманда "дабба" есімді бір хайуанның шығатындығын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадистерінде айтып кеткен.
Ақырзаманның тағы бір белгісі – Алла Тағаланың әмірімен табиғат заңдылығына қайшы құбылыс орын алып, күн батқан жерінен қайта шығады. Бұл күн жұма күніне сәйкес келеді.
Сол кезге дейін иман келтіріп, тәубеге келмей, қайырлы іс істемей жүрген пенделердің ары қарайғы ешбір иман-тәубесі қабылданбайды.
Заманақырдың тағы бір ірі белгісі – құрлықтардың су астында қалуы. Хадисте айтылғандай шығыста, батыста, араб түбегінде бір жерлер шөгеді.
Ақырзаманның соңғы белгісі Хижаз тарапынан үлкен бір оттың шығып, шартарапты жарық қылатыны хадисте айтылады.
Бұл ретте ғалымдар ақырзаманға қатысты түрлі зерттеулер жүргізеді. Сол топтардың бірі – Нидерландыдағы Радбауда университетінің зерттеушілері жаңа есептемелерін жария етті. Оған сәйкес, Ғалам бұрын болжанғаннан әлдеқайда ертерек өз тіршілігін тоқтатуы мүмкін, деп хабарлады Oxu.Az.
Ғылыми жұмыс Journal of Cosmology and Astroparticle Physics басылымында жарияланды және ол ғарыштың мәңгілік екені туралы түсінікті қайта қарауға мәжбүр етеді.
Қара құрдымдар жөніндегі сарапшы Хейно Фальке, физик Михаэль Вондрак пен математик Вальтер ван Суйлеком сияқты ғылымның әр саласының сарапшылары кірген зерттеушілер тобы көптеген космологиялық факторларды назарға ала отырып, күрделі есептемелер жүргізумен айналысты.
Олардың жаңа дерегінше, Жер ғаламшары орналасқан "Құс жолы" (өзге тілдерде "Сүт жолы") Ғаламының толық ыдырауы және ондағы барлық жұлдыздардың жойылуы 78-ші дәрежедегі 10-шы жылы (через 10 в 78-й степени лет) болуы мүмкін.
Басқаша айтқанда, бұл квинвигинтиллион жыл. Бұл сан бір қарағанда ақылға сыймастай ұзақ көрінуі мүмкін: бірден кейін 78 нөлі орналасқан жылдан кейін.
Бірақ бұл соның алдындағы жаңа есептемелерге қарағанда күрт жақындады. 2023 жылы дәл осы ғылыми топ ақырзаман 1100-шы дәрежедегі 10-шы жылы болады деп жорамалдаған еді. Егер ғалымдарға сенсек, заманақыр адам сенбес ұшқыр қарқынмен жақындап-ақ келеді.
Ғалымдардың айтуынша, мұндай өзгерістерге жаңа модельде қара құрдымдардың (черные дыры) және нейтронды жұлдыздардың ықпалының, сондай-ақ "Хокинг сәулесі" феноменінің ескерілуі ықпал етті.
"Ғаламның ақыры бұрын ойлағаннан әлдеқайда ерте туындайтын түрі бар. Бірақ бақытымызға орай, оның бәрі әлі өте көп уақытқа созылуы мүмкін", – деп тұспалдады зерттеу нәтижелеріне түсініктеме берген Хейно Фальке.