Үлгермегендер бармақ шайнап, өкінетін жағдай туындай бастады

14567

Қазақстанда баспана бағасы қарқынды қымбаттай жөнелді.  

Үлгермегендер бармақ шайнап, өкінетін жағдай туындай бастады Фото: canva.com

Бұған дейін Inbusiness.kz жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Александр Пактың сөзіне сілтеме жасап, келесі жылы ҚҚС жеңілдігін алып тастау және қолма-қол есеп айырысуға тыйым салу – тұрғын үй бағасын сөзсіз қымбаттататынын ескерткен болатын.

Сондай-ақ сарапшылар баспана алғысы келіп жүрген қазақстандықтарға мұны кейінге ысыра бермей, мүмкіндігінше тезірек жүзеге асыруға кеңес беріп жүр.

Өз кезегінде, "Tengenomika" Telegram-каналының авторы, экономист Руслан Сұлтанов Қазақстанда пәтер құны қол жетпес биіктерге дейін шығандап кететінін болжады. Бұл үрдіс басталып та кетіпті.

Тіпті мемлекеттің ресми мәліметтері де осының үлкен алғышарты түзіліп жатқанын аңғартты. Бұған артық табыс тауып қалуға құныққан құрылыс алпауыттарының тәбеті емес, негізінен объективті себептер түрткі болған. Өйткені құрылыста қажет материалдар 52,5%-ға дейін қымбаттап шыға келді. Оның бәрі шаршы метрдің құнын күрт өсіреді.   

Сонымен, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, құрылыс саласындағы бағалар: 2024 жылғы желтоқсанда – 100,1%-ға, 2025 жылғы қаңтарда – 101,4%-ға, ақпанда – 100,5%-ға, наурызда – 102,2%-ға жоғарылады.

Саладағы бағалардың көтерілуіне сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарының қымбаттауы да серпін беруде: олар 2024 жылғы желтоқсанда – 100,1%-ға, 2025 жылғы қаңтарда – 101,2%-ға, ақпанда 101,5%-ға, наурыз айында тағы 101,8%-ға тоқтаусыз артты.

Бұдан бөлек, құрылыс жүргізу үшін аса маңызды машиналар мен жабдықтардың бағасы да өсіп барады: желтоқсанда – 100,1%-ға, қаңтарда – 104%-ға, ақпанда – 103%-ға, наурызда – 102,2%-ға.

Басқа да құрылыс үшін керекті өнімдер мен қызметтер 114,2–118,5% аралығында қымбаттады.

Ең ірі өсім құрылыс үшін "шешуші" саналатын материалдарға тиесілі болды:

  • Құрылыс тастары, әктас, бор, тақтатас, гипстің бағалары бір айда ғана +13,2%-ға, бір жыл ішінде 52,5%-ға жоғарылады.
  • Пластмасса тақтайшалар, болат жаймасы, құбырлар, профильдер бір айда +11,9%, бір жыл ішінде +13,1% өсті.
  • Тұрғын үйдің тұтас іргетасы мен қаңқа-каркасын құрайтын тауарлық бетон бір айда +4,1%-ға, бір жыл ішінде +7,5%-ға қымбаттаған.

Осының бәрі шаршы метрлер бағасының шыңға өрлеуіне дем берді. Экономистер әсіресе, 2025 жылғы наурызда "құрылыс саласындағы ең үлкен баға секірісі" тіркелгенін айтады.  

Ұлттық статбюро дерегінше, бағалар индексі 2025 жылғы наурызда – 100,5%, ал, бір жыл бұрынғымен, 2024 жылғы наурызбен салыстырғанда – 102,2%-ды құрады.

Бұл биылғы қаңтар мен ақпандағыдан көп: екі айда тиісінше бұл көрсеткіш 99,9% және 100,1% болған.

"Қосалқы емес, базалық материалдар мен қызметтер қымбаттауда! Бұл елемей тастайтын ұсақ-түйек емес. Бұл – құрылыс процесінің негізі. Дәл сол материалдардан іргетас қаланады, ғимараттың конструкциясы, қасбеті, пәтер және бөлмеаралық қалқалар, инженерлік коммуникациялар жасалады. Негізгісі қымбаттағанда, барлығы да қымбаттайды", – деді экономист Руслан Сұлтанов.

Ол құрылыс саласындағы кейбір өнімдерді Қазақстанның өзі өндіретінін, алайда көбісі шетелден валютаға сатып алынатынын еске салды. Олай болса, теңгенің девальвациясы да баспана бағасының күрт көтерілуіне ықпал етеді.

"Құрылыста қажетті материалдардың, өнімдер мен шикізаттардың елеулі үлесі негізінен сырттан, бірінші кезекте – Ресейден импортталады. Қазақстанның құрылыс материалдары импортындағы РФ үлесі шамамен 50%. Ендеше теңгенің рубльге шаққандағы құнының нашарлауы – өсім факторларының бірі", – деді экономист.

Бұл жерде 2025 жылдың басынан бері теңге ресейлік рубльге шаққанда бірден 20%-ға арзандап кетті. Ресейлік жеткізушілердің осынша көлемде жеңілдік ұсынуы неғайбыл.

Демек, бағасын соншаға көтереді деген сөз. Салдарынан, ресейлік құрылыс материалдары рубльде тіпті бұрынғы бағасында қалғанның өзінде ол қазақстандық құрылыс компаниялары мен мердігерлер үшін күрт қымбаттайды.

"Соның кесірінен, Қазақстанда құрылыс жұмыстары мен жобалардың өзіндік құны жоғарылады. Шығынға батпау үшін құрылыс компаниялары оның ауыртпалығын сатып алушысына артады. Нәтижесінде, тұрғын үй бағасы көтеріле беруі мүмкін. Баспананың қымбаттауы – тек уақыттың мәселесі. Яғни, ол болады, бірақ қашан болатыны түрлі факторға байланысты", – деді сарапшы.

Руслан Сұлтанов баспана бұқараға мүлдем қолжетімсіз болып қалмауы үшін Үкімет отандық құрылыс материалдарын өндірушілерді қолдауды күшейтуге, логистиканы дамытуға тиістігін жеткізді.

"Алайда әзірге сала импортқа қатты тәуелді болған күйде қалуда. Бұдан құтылмай, валюталық құбылулар мен сыртқы шоктар алдында әлсіз болып қала береміз", – деді экономист.

Шынында, қазіргі кезде құрылыс материалдарының ел ішіндегі тасымалын жүйелі жолға қойған маңызды.

Elim маркетингтік және әлеуметтік зерттеулер институтының дерегінше, Қазақстанда мысалы, бетон өндірумен 300-ден астам кәсіпорын айналысады. Олардың ең көп көлемі Алматы, Астана қалаларында және Алматы облысында шоғырланған. Одан кейін Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласы келеді.

Сонымен бірге, сан емес, сапаны назарға алсақ, 100-ден 500-ге дейінгі ұжымы бар ірі зауыттар негізінен Алматы мен Ақтөбе облысында орын тепкен. Қалған өңірлер көбіне айталық, бір құрылыс компаниясына қызмет ететін шағын кәсіпорындарды місе тұтуға мәжбүр.

Тасымал мен логистиканың күрделенуі кесірінен, мысалы, елдің батысындағы бетон зауыттарына шығарған өнімін Қазақстан ішінде сатқаннан, көрші Ресейге, ал, оңтүстік өңірлердегі кәсіпорындарға – Орталық Азия елдеріне жеткізген қолайлы, тиімді, табысты әрі оңай.

Баға қымбатшылығын қарапайым адамдар да сезді.

"Біз үш күн бұрын BI Group холдингіне барып, ұнатқан пәтерді белгілеп кеткенбіз. Қайта оралсақ, Астанадағы тұрғын үй кешенінің әрбір шаршы метрі орта есеппен 120 мың теңгеге қымбаттап кетіпті. Содан банктен алған қаражатымыз жетпей қалып, өзгелерден қарызданып-қауғалануға тура келді", – дейді елорда тұрғыны Қаламқас Манап.

Ресми статистика бойынша биылғы ақпанда жаңа тұрғызылған көпқабатты тұрғын үйлердегі шаршы метрлер бағасы Қазақстан бойынша 2,4%-ға, жылдық мәнде – 4,8%-ға өсті. Шынайы қымбатшылық әрине, бұдан әлдеқайда көп.

Статистикашылар Қазақстанның ірі қалаларында қазіргі кезде шаршы метрі 505 мың теңгеден арзан жаңа пәтерді табу қиындап бара жатқанын айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу