Пәтер сатып алушыларға жағымсыз жаңалық жарияланып отыр

Қолма-қол есеп айырысуға тыйым салу жылжымайтын мүлік нарығына ауыр соққы әкелуі мүмкін.

Пәтер сатып алушыларға жағымсыз жаңалық жарияланып отыр Фото: canva.com

Бұған ҚҚС жеңілдігін алып тастау да кіреді. 

Ұлттық экономика министрлігінің дәл осындай бастамасы әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Бұл ұсыныс құрылыс саласы өкілдері мен тұрғындардың арасында алаңдаушылық тудыруда. Көпшілік "мұндай шектеулер баспанаға қолжетімділікті төмендетіп, азаматтардың өз еркімен есеп айырысу құқығын шектейді" деп санайды. 

Елде жылына орта есеппен 45-60 мың жылжымайтын мүлік мәмілесі жасалады. 2024 жылы нарық қалпына келіп, тұрақты деңгейге жеткен еді. Алайда ҚҚС мөлшерлемесін көтеру жағдайды одан әрі ушықтырды, сосын бағалар тағы да өсе бастады. Ақпан айының соңында сатып алу-сату мәмілелерінің саны 38%-ға төмендеген. 

Осындай жағдайда қолма-қол есеп айырысуға тыйым салу құрылыс саласына қосымша ауыртпалық түсіруі мүмкін.

Inbusiness.kz тілшісі жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Александр Пакпен тілдесіп, осы бастама мен оның салдары турасында сөз қозғаған еді. 

Қолма-қол есеп айырысуға тыйым салудың соңы...

Александр Пак бұл бастаманың тиімділігіне күмән келтірді. Оның пікірінше, мұндай шектеулер көбіне күтілген нәтижеге әкелмейді, өйткені адамдар оларды айналып өтудің түрлі жолын табады.

Бұл жағдайда мәміле құны шартта төмендетіліп көрсетіліп, айырмашылық қолма-қол төленуі мүмкін. 

– Сатып алу-сату шартында бір сома көрсетіледі, ол ресми түрде есепшотқа аударылады. Ал қалғаны "көлеңкелі" айналымға кетеді. Бұл шешім тек "қара нарықты" көбейтеді, – дейді сарапшы.

Яғни, тыйым салу қолма-қол есеп айырысу қажеттілігін жоймайды, тек оны "көлеңкеге" итермелейді. Бұл керісінше, мәмілелердің ашықтығын төмендетіп, бақылауды қиындата түспек. 

Сарапшы цифрлық ақша енгізіліп, қолма-қол төлемдер толық жойылмайынша, мұндай тыйымдар тиімсіз болып қала беретінін жеткізді.

Оның сөзінше, шектеулер енгізгеннен гөрі, экономикалық жағдайды жақсартып, "көлеңкеден" шығуға ынталандыру қажет. 

– Нарықтағы жағдайды реттеу үшін адамдарға ашық жұмыс істеу тиімді болатындай жағдай жасау керек. Бірақ ол үшін терең ойлану қажет, – деп атап өтті Пак.

Аталған шектеу мемлекеттік бюджетке түсетін салық көлемін азайтуы мүмкін. Егер пәтер құны құжатта төмен көрсетілсе, онда мемлекет соған сәйкес аз салық жинайды.

Сонымен қатар, "қара нарық" пен көлеңкелі айналымның артуы сыбайлас жемқорлық пен қылмыстық тәуекелдерді күшейтеді. 

Бұл процесс тұрғын үй бағасын сөзсіз қымбаттатады

Александр Пак ҚҚС жеңілдігін алып тастау мен қолма-қол есеп айырысуға тыйым салу тұрғын үй бағасын сөзсіз қымбаттататынын айтты. 

– Құрылыс компаниялары бұл салықты өз есебінен төлемейді. Барлық шығын тұтынушыға жүктеледі. Мұндай шаралар мәмілелер санын азайтып, нарықтың тоқырауына әкелуі мүмкін, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, мемлекет салық түсімдерін арттырғысы келеді. Бірақ ҚҚС-ты тұтынушыларға жүктеу және қолма-қол төлемдерге тыйым салу баспана бағасының өсуіне алып келеді. Бұл, әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін ауыр тиеді. 

– Егер құрылысшыларға ҚҚС жеңілдігі жойылса, бұл мәмілелердің санын күрт азайтады. Пәтер иелері бағаны бірден төмендетуге дайын болмайды, сондықтан нарық 2-3 айға тоқырап қалуы мүмкін, – деп болжайды сарапшы.

Қолма-қол төлемге тыйым салудың оң әсері бар ма?

Александр Пактың пікірінше, бұл тыйым көлеңкелі экономиканы азайтып, мәмілелердің ашықтығын арттыруы мүмкін. 

– Иә, мұның мақсаты – көлеңкелі айналымды азайту. Барлық төлемді ресми көрсету міндеттеледі. Сонымен қатар, қолма-қол төлемдердің болмауы мәмілелерді қауіпсіз етеді, – деді ол. 

Алайда сарапшы атап өткендей, аймақтарда қолма-қол есеп айырысуға деген қажеттілік әлі де жоғары. Қауіпсіздік мәселесін шешу үшін банктердегі депозиттерді немесе арнайы қызметтерді пайдалануға болады.

Тыйым ипотекалық несиелеуді ынталандыруы мүмкін, бірақ бұл барлығына бірдей қолжетімді емес. Ипотека алу үшін тұрақты табыс пен жақсы несие тарихы қажет, ал мұндай мүмкіндігі жоқ адамдар үшін тұрғын үй алу қиынға соғады.

Қолма-қол төлемге тыйым сұранысты төмендетуі мүмкін. Бұл екінші нарықтағы бағалардың төмендеуіне әкелуі ықтимал. 

– 2023 жылы біз осындай жағдайды көрдік. Күзде өңірлерде пәтер бағасы 20-25%-ға түсті. 14 млн теңгеге сатылған екі бөлмелі пәтерлер қазан айында 11 млн теңгеге дейін арзандады, – деп еске алды сарапшы.

Нарықты шектеулермен емес, әділ салық саясаты арқылы реттеу керек

Жалпы, қолма-қол төлемге тыйым салу жылжымайтын мүлік нарығына теріс әсер етуі мүмкін. Оның тиімділігі мемлекет бақылауының сапасына және көлеңкелі экономикамен күресу қабілетіне байланысты болады.

Нарықты шектеулермен емес, әділ салық саясаты арқылы реттеу керек. Егер ашық жұмыс істеу тиімді болса, құрылысшылар мен сатып алушылар "көлеңкеге" кетпейді. 

Қазіргі жағдайда шикі тыйымдар мен қосымша салықтар тек баспана бағасын қымбаттатып, қолжетімділікті төмендетуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу