Кәсіпкер, Руслан Берденовтің жақын досы саналатын Сырымбек Тау Шымкент қалалық ауруханасының алдынан видео түсіріп, көпшілікті жалған ақпарат таратпауға шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Көбіңіз алаңдап, хәлін сұрап жатқан Русланның жағдайы жақсы деуге болады. Сауығып келе жатыр, есін жинады, ота сәтті аяқталды. Бірінші ақ халатты абзал жандар – дәрігерлерге алғысымыз шексіз деп айтамыз. Қазақстандағы білікті дәрігерлердің арқасында ота сәтті аяқталды. Ары қарай болса да, дәрігерлердің қарауында болады, – деді ол.
Кәсіпкер ел-жұртты бейнежазба арқылы тек ресми ақпаратқа сенуге шақырған. Әрі оқиғаның ақ-қарасын құзырлы органдар ғана анықтайтынын еске салды.
– Енді айта кетеріміз, жалған ақпараттар, қауесеттер өте көп. Бұған сенбеулеріңізді сұраймын. Ағайын, жалған ақпарат таратпай, ресми ақпаратқа сенейік. Күдікті ұсталды, тергелуде. Жұмыстан шығарғандықтан, оның жеке өкпе-реніші болған. Ондайға күдіктінің неге барғанын құзырлы органдар анықтап, сізгерге ақпарат беретін болады, – деп сөзі түйіндеді Сырымбек Тау.
Бұған дейін Руслан Берденовке жасалған шабуыл туралы түрлі жалған ақпарат тарап жатқанын біз де жазған болатынбыз.