Руслан Берденовке жасалған шабуыл туралы түрлі жалған ақпарат тарап жатыр

Кеше кешке Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовті атып кеткені хабарланды. 

Руслан Берденовке жасалған шабуыл туралы түрлі жалған ақпарат тарап жатыр Фото: saigez.kz

Әлеуметтік желі қолданушылары оқыс оқиғаның себебін іздеп, ой-пікірін сан-саққа жүгіртуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Шымкент әкімдігі Руслан Берденовке жасалған шабуылға пікір беріп үлгерді. 

– Қазіргі уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылдың себебі ретінде шабуылдаушының әйеліне тиісу жайлы жалған ақпарат тарап жатыр. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдейміз, – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. 

– Қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға байланысты барлық мән-жайды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жарияланбайды, – деп қоса кетті әкімдік өкілдері. 

Осыған дейін әлеуметтік желілерде оқиға туралы болжамның бірнеше нұсқасы тарады. Онда шабуылдың тұрмыстық сипатта болғаны, дәлірек айтқанда, қызғанышқа байланысты туындағаны айтылған. Тағы бір нұсқа – букмекерлерге қатысты. Үшіншісі шаһардағы құрылыс саласын ретке келтіруге тікелей байланысты болуы мүмкін. 

Бұған бұрын Руслан Берденовтің партияласы, блогер Бейбіт Әлібеков оған қоқан-лоққы жасалғанын хабарлаған еді. 

– Өзім бұл жағдай Шымкенттегі құрылыс саласында тәртіп орнатумен байланысты болуы мүмкін деп ойлаймын, букмекерлерге қатысы бар дегенге күмәнім бар. Тек бүгін ғана осы тақырыпта қатаң жиналыс өтті. Маған Русланға қоқан-лоққы жасалғанын айтқан еді, – деп жазды ол Telegram-арнасында.

Ал, Әлібеков бірінші нұсқаны "фейк" деп атады. 

Сондай-ақ, бірнеше анонимді Telegram арна бұл шабуылдың тапсырыспен жасалуы мүмкін екенін алға тартады. 

Бұған дейін полиция мәлімдеме жасап, Руслан Берденовке шабуыл жасауға не себеп болуы мүмкін екенін айтқан еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу