Бұл туралы онлайн өтіп жатқан сот отырысында жауап берген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Шерзат Полаттың өліміне қатысты істі қарау барысында сот алғаш болып жәбірленушілердің бірі марқұм жасөспірімнің әжесі Жұмабике Қадыровадан жауап алды.
Ол сот барысында тек шындық айтуға ант қабылдап, қолхатқа да қол қойды.
– Балам Қаржаубай "16 жастағы баланы кешірейік, оның өмірін құртамыз" деп айтты, – деді Жұмабике Қадырова.
Сот Ержан Жанұзақов "қылмыс туралы хабарламады" деп айыпталған кәмелетке толмаған Ы-ны айтып отырғанын түсіндірді.
– Иә, мен кешірдім, Аллаға аманат еттім. Алланың үкіміне тапсырамын, – деді марқұмның әжесі.
Сонымен қатар, оған "айыпталушылардың отбасынан біреу кешірім сұрады ма?" деген сұрақ қойылды.
– Жоқ, тіпті жерлеу күні де ешкім келмеді. Кешірім сұрамады. Олар бұған үйреніп қалған. Барлығы бірнеше рет сотты болған. Егер соттар әділ шешім шығарса, олар нақты мерзімге сотталса, мүмкін бұлай болмас па еді, – деп сөзін жалғады.
Бұған дейін Шерзаттың әжесі Қаржаубайға көмекке 200 куәгерден 2 адам да келмегенін айтқан еді.
Сондай-ақ, ол айыпталушының қорғаушысымен сөзге келіп қала жаздады.