Ол қылмыс болған жерге әуелде не үшін бара жатқанын білмеген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Марқұм Шерзат бірінші Ахмет Махмет және Мирас Сейсенбай атты достарын дүкенге шақырған, бірақ бұлар барған уақытта Шерзат Полаттың өзі ол жерде жоқ болып шығыпты.
– Біз дүкенге барған кезде Шерзат болмады. Шерзаттың ағасы, әкесі және 2 аға болды. Төртеуі сөйлесіп жатты. Бізге Нұрқанат аға "Шерзатқа хабарласыңдар, қол алысып, кешірім сұрап қайтсын" деді. Біз хабарласып болған соң, артынан бір көлік келді, – деді Мирас.
Осы уақытта мемлекеттік айыптаушы сол сәтті, яғни, көліктің маркасы, қанша автокөлік немесе неше адам келгені туралы нақтылап айтуын сұрады.
Куәгер сұрақтарға нақты жауап беріп, төбелестің басталған сәтін де қоса әңгімеледі.
– Көліктен түсе сала Ахметке "сен ба менің бауырымды ұрған?" деп сұрады. Ахмет "жоқ, мен ұрмадым" деп жауап берді. Сол кезде Ахметтің бет тұсынан ұрады, ол талып қалады. Маған да біреуі келе жатты. Мені итеріп жібереді, – деді Шерзаттың досы.
Ол прокурордың "Ахметті ұрған адамды көрсеңіз танисыз ба?" деген сұрағына "оны есте сақтамадым, өйткені маған да келе жатты" деп жауап қатты. Әрі өзінің ешқандай жарақат алмағанын айтты. Содан кейін ол келгендердің бір-екеуінің қолынан пышақ көрген соң, қашу керегін түсінген.
Мемлекеттік айыптаушы "келген адамдардың нешеуінде пышақ болды?" деген сұрақты тағы да нақтылады. Мирас Сейсенбай "ең көп дегенде 4-еуінде пышақ болды" деді.
Осыған дейін Шерзаттың әкесі пышақты өзімді және баламды қорғау үшін алып шықтым десе, анасы оқиға болған күнді есіне алған еді.