16 жастағы Шерзат Полаттың өлімі туралы іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сотта Шерзаттың әжесі Жұмабике Қадыровадан жауап алынды. Айыпталушылардың адвокаттары сұрақ қойды.
"Сіз Шынасылды танимын деп айттыңыз ғой?", - деп сұрады қорғаушы Әбенов.
"Шынасыл қол алысып жүрген адамым да, көршім де емес. Маған Нұрғанат (Ғайыпбаев) "мама, сізді Абзал итеріп жіберді" деді", - деп жауап берді Жұмабике Қадырова.
Қорғаушы сотталушылардың ішінен күдікті Абзал Шынасылды көрсетіп беруін сұрады.
"Шынасыл сіздің артыңызда отыр ғой", - деді Шерзаттың әжесі.
Судья Ержан Жанұзақов айыпталушылардың бәріне орнына тұруын сұрады. Адвокат жәбірленушіден айыпталушыны көрсетуін тағы өтінді.
"Қорғаушы, бұл жерде мен сізге ескерту жасаймын. (Айыпталушының) нешінші болып тұрғанын айтып бере аласыз ба?", - деді судья.
Жұмабике Қадырова "төртіншісі" деп қысқа қайырды. Ол айыпталушы Абзал Шынасыл оқиға болған күні қандай киімде болғанын да айтты.
Адвокат "Сізді қалай және қай жерде құлатты?" деп нақтылады.
"Сіз мына жерге шығыңызшы. Мен сізді сөйтіп құлатып, қалай құлағанымды көрсетемін. Дүкеннің бұрышындағы жерде құладым", - деді марқұмның әжесі.
Айта кету керек, осыған дейін 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімі туралы іс бойынша сот отырысы жалғасып жатқанын жазғанбыз.