2024 жылдың 4 қазанында Талғар қаласында кісі қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Полаттың өлімі бойынша бүгін ашық сот процесі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сот процесінде сот Ержан Жанұзақов прокурорлардан айыптау актісін толық оқуды сұрады.
– Іс бойынша жүргізілген 01.11.2024 жылғы №173 сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған Полаттың өлімі сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігіне зақым келтіре отырып, сол жақтағы кеуде қуысына еніп, шаншылып кесілген жарақаты салдарынан дамыған ауыр қан жоғалтудан болды. Өлім 2024 жылдың 4 қазанында сағат 01:30-да Талғар аудандық орталық ауруханасының стационарында расталды, – деді прокурор онлайн өткен сот отырысында.
Мәйітті зерттеу кезінде Шерзаттың денесінен бірқатар жарақаттар анықталған. Бұл – адам өміріне қауіп төндіретін әрі өлімге тікелей себеп болатын жарақаттар.
– Ішкі және сыртқы қан кетуді тудырған сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігінің зақымдануы мен гемоторакс, плевра қуысында 1500 миллиграмм көлемінде қанның болуы, сол жақтағы кеуде қуысына еніп, шаншылып кесілген. Бұл өмірге қауіп төндіретін және жәбірленушінің өлімімен тікелей себептік байланыста болатын денсаулыққа ауыр зиян келтірген. Бұл дене жарақаты стационарға келгенге дейін шаншу-кесу қасиеті бар заттың әсерінен туындаған, – деді мемлекеттік айыптаушы.
Бұған дейін Шерзат ісінде сот отырысты Талдықорғаннан Алматыға көшіруден бас тартқанын жазған едік.
Одан бұрын Шерзаттың анасының денсаулығы нашарлап, сот залынан шығып кеткені хабарланды.