Алматы қаласының білім басқармасы балалардың жазғы демалысын дұрыс ұйымдастырмаған мекемеге қатысты түсініктеме берді.
"Қызмет көрсетушіге, "БелРичи" ЖШС компаниясын жауапсыз жеткізуші деп тану және мемлекеттік сатып алуға қатысуға одан әрі тыйым салу туралы талап-арыз дайындалуда", – деп хабарлады Алматы әкімдігі.
Мәселен, 13 шілдеде "Арман дала" саяжай лагерінде балалар демалысын ұйымдастыру туралы шарт жасалды, 15 шілдеде білім басқармасының қызметкерлерімен бірге демалушылардың алғашқы легі келді.
"Тиісті талаптардың бұзылу фактілері анықталған кезде балаларды үйлеріне апару процесі шұғыл түрде басталды. Қазіргі уақытта лагерьде балалар жоқ. Жақын арада олар мектеп оқушылары демалған кезде ережелер қатаң сақталатын лагерьлерге жіберілетін болады", – деп хабарлады Алматы қаласының білім басқармасы.
Қызмет көрсетушімен қазіргі шарт бұзылады, сондай-ақ осы компанияның басқа мемлекеттік сатып алуға қатысуына жол бермеу үшін "жосықсыз өнім беруші" деп тану туралы талап арыз жіберілді. Білім басқармасының жауапты қызметкеріне қатаң сөгіс жарияланды.
"Қазіргі уақытта білім басқармасы қоғамдық кеңеспен бірлесіп жұмыс тобын құрды, оның құрамына ата-аналар қоғамдастығының, қалалық прокуратураның және барлық мүдделі органдардың өкілдері кірді. Жұмыс тобы аясында барлық қала сыртындағы лагерьлер тексеріледі. Жұмыс тобы қала маңындағы лагерьлерге жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы үнемі есеп береді", – деп хабарлады әкімдік.