Қазақстан даму деңгейі төмен елдерге өзінің экономикалық даму моделін ұсынды

620

Қатар астанасы Дохода 5-7 наурыз аралығында БҰҰ-ның Даму деңгейі төмен елдердің V конференциясы (LDC) өтті.  

Қазақстан даму деңгейі төмен елдерге өзінің экономикалық даму моделін ұсынды Фото: gov.kz

Жиынға біздің елден Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров бастаған қазақстандық делегация қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Он жылда бір рет өтетін алқалы жиынға биылғы жылы 3000-нан астам делегат қатысты, оның ішінде БҰҰ Бас хатшысы, халықаралық ұйымдардың басшылары, әлемдік сарапшылар қауымдастығы мен іскер топтар, сондай-ақ ғылыми әрі азаматтық қауымдастықтар болды.

Қазақстандық делегация басшысы жалпы пікірталастарда сөйлеген сөзінде БҰҰ-ның "ешкім артта қалмауы тиіс" қағидатына сәйкес, орнықты дамуға қол жеткізу мақсатында Даму деңгейі төмен елдерге халықаралық көмекті жұмылдырудың маңыздылығын атап өтті.

"Теңізге шыға алмайтын ең ірі ел ретінде Қазақстан ең төмен дамыған елдердің алдында тұрған қиындықтар мен сын-қатерлерді жақсы түсінеді", – деп атап өтті Қ.Омаров.

ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлағандай, осы тұрғыда қазақстандық делегация басшысы елімізге 30 жыл ішінде табысы орташадан жоғары ел деңгейіне шығуға мүмкіндік берген Қазақстанның табысты даму моделін ұсынды, жүргізіліп жатқан экономикалық және саяси реформаларды атап өтіп, Қазақстанның өз тәжірибесімен бөлісуге дайын екендігін білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу