Ресей мұнайының бағасына шектеу қойылды

1988

Бұл шешімнің мақсаты – Мәскеуді Украинадағы басқыншылықты қаржыландыру мүмкіндігінен айыру.   

Ресей мұнайының бағасына шектеу қойылды Фото: reuters.com

Батыс елдерінің үкіметтері Ресейдің бюджетіне, әскеріне және Украинаға басқыншылығына қажетті кірісін азайту мақсатында оның мұнай экспортының бағасын шектеуге келісті.

Бұл шектеу желтоқсанның 5-інде күшіне енді. Еуропа одағы ресейлік мұнайдың көпшілігіне - теңіз арқылы тасымалданатын энергетикалық шикізатына бойкот жариялап отыр. Айта кетсек, жұма күні ЕО жасаған келісімге сәйкес, РФ мұнайының баррелі 60 доллардан жоғары бағаға сатылмауы керек. Мұндай мәмілеге "Жетілік тобы" елдері мен Австралия да қол қойды.

Қос шара мұнай бағасына қалай әсер ететіні белгісіз. Қазір бір жағынан жаһандық экономиканың бәсеңдеуінен сұраныс төмендейді деген алаңдаушылық бар. Екіншіден, аталған шектеулерге байланысты ұсыныс кемуі ықтимал.

Бағаға шектеу және ЕО эмбаргосы: бұлар тұтынушылар мен дүниежүзілік экономика үшін нені білдіруі мүмкін?

Бағаға шектеу қою дегеніміз не және ол қалай жұмыс істейді?

АҚШ Қаржы министрі Джанет Йеллен Ресей мұнайының жаһандық экономикаға жетуін сақтай отырып, Мәскеудің кірісін азайту тәсілі ретінде "Үлкен жетіліктегі" одақтастарына баға шектеу туралы ұсыныс жасады. Мақсат - Ресей мұнайы кенеттен әлемдік нарықтан шығарылса да, мұнай бағасының күрт шарықтауына жол берместен, РФ-ның бюджетіне зиян келтіру.

Мұнай жөнелтумен айналысатын сақтандыру компаниялары мен басқа да фирмалар көмірсутегінің құны 60 доллар деңгейінде немесе одан төмен болған жағдайда ғана ресейлік мұнаймен жұмыс істей алады. Сақтандырушылардың көпшілігі ЕО немесе Біріккен Корольдікте орналасқан және олардан осы шектеуге қатысу талап етілуі мүмкін.

Мұнайдың жаһандық экономикаға ағыны қалай жалғаспақ?

Санкциялардың алдыңғы раундтарында ЕО мен Ұлыбритания енгізген тыйымдар сақтандырушылар тарапынан жаппай орындалатын болса,  ресейлік шикі мұнай нарықтан ығыстырылуы мүмкін. Сондықтан әлемде "қара алтын" бағасы шарықтап, Батыс экономикалары зардап шегеді және Ресей эмбарголарға бағынбастан, шикізатын әрі қарай сатып, мол табысқа кенелуі ықтимал.

Әлемнің №2 мұнай өндірушісі Ресей Еуроодақтың тыйымына дейін-ақ мұнай экспортының көп бөлігін арзан бағамен Үндістанға, Қытайға және басқа да Азия елдеріне бағыттап үлгерді.

Түрлі деңгейдегі шектеулердің әсері қандай болуы мүмкін?

Брюссельдегі Bruegel сараптама орталығының энергетикалық саясат жөніндегі сарапшысы Симоне Тальяпьетраның ойынша, 60 долларлық шек Ресейдің қаржысына көп әсер етпейді.

Ресейлік Urals қоспасы Brent халықаралық эталонымен салыстырғанда, айтарлықтай жеңілдікпен сатылып жатыр. Оның құны COVID-19 вирусының қайта өршуіне байланысты Қытайдан сұраныс азаяды деген қауіп туындағандықтан, осы аптада алғаш рет 60 доллардан төмендеді.

"60 доллар қанағаттандырарлық сан емес. Егер біз Ресей президенті Владимир Путинге қысымды арттырғымыз келсе, уақыт өте келе шекті төмендетуге тиіспіз. Мәселе мынада: біз Путиннің мұнайдан түсетін табысын азайту үшін шара қолдануға көп ай жіберіп алдық", - дейді Тальяпьетра АР агенттігіне берген сұқбатында.

Егер шек 50 долларға дейін төмендетілсе, бұл Ресейдің кірісін қысқартып, мемлекеттік бюджетіндегі балансты сақтауды қиындатар еді. Өйткені Мәскеуге сол тепе-теңдікті қамтамасыз ету үшін мұнай бағасы шамамен 60-70 доллар болуы керек.

Дегенмен, 50 долларлық шектің өзі Ресейде өндірістің өзіндік құнынан бәрібір жоғары. Бұл мемлекетте бір баррель мұнай 30-40 долларға шығарылады.

Вашингтондағы Халықаралық қаржы институтының бас экономисі Робин Брукс өткен аптада Twitter-де 30 долларлық шектеу "Ресейге лайықты қаржылық дағдарыс әкеледі" деп жазды. Ал, Берлиндегі Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының санкциялар жөніндегі сарапшысы Мария Шагинаның пікірінше, "60 доллар мүлдем келіспеушіліктен тәуір және бұл меже кейін қайта қаралуы мүмкін".

Ресей мен өзге елдер шектеуге бағынбаса не болады?

Ресей Батыстың шектеулерін орындамайтынын және оларды орындаған елдерге мұнай жеткізуді тоқтататынын ескертіп отыр. РФ шетелге энергетикалық шикізат жөнелтуді доғарып, дүниеде мұнай бағасын шарықтатып, бәрібір пайда табудан үмітті.

Қытай мен Үндістандағы сатып алушылар батыстық шектеулерді орындамауы мүмкін. Ал, Ресей немесе Қытай АҚШ-та, Ұлыбританияда және Еуропада тыйым салынған сақтандыру жұмыстарына жауап ретінде өздерінің сақтандыру компанияларын құруға тырысуы ғажап емес.

Ресей сондай-ақ Венесуэла мен Иран сияқты иесі белгісіз "көлеңкелі флот" танкерлерін пайдаланып, мұнай сатуға кіріседі деген болжам бар. Бұған қоса, ресейлік мұнайдың шығу тегін жасыру үшін оны бір кемеден екіншісіне тасымалдап, сапасы ұқсас мұнаймен араластыруға болады.

"Тіпті осындай жағдайларда да шектеулер Ресейдің эмбарголарды айналып өтіп, мұнай сатуын қымбатқа түсіреді, мерзімін ұзартады, машақатын көбейтеді", - дейді Шагина.

Азияға мұнай жөнелтетін жол тым ұзақ. Демек, оған бір сапарда мол шикізат жеткізу үшін танкерлердің сыйымдылығы үлкеюі керек. Оның үстіне, азиялық клиенттердің бәрі бірдей ресейлік сақтандырушылармен жұмыс істегісі келетініне кепілдік жоқ.

Шагинаның айтуынша,  "көлеңкелі флоттың" өзі шексіз емес. Оны Иран мен Венесуэла тиімді пайдаланып отыр. Демек, бұнда Ресей бәсекелестікке тап болуы мүмкін.

Еуропа одағы эмбаргосының әсері қандай болуы мүмкін?

Ресейлік өндірушілер энергетикалық ресурстарын бұрын өзінің ең үлкен тұтынушысы болған Еуропадан басқа жаққа түгелдей бағыттай алмайды деген пікір бар және де ресейлік мұнайдың бір бөлігі әлемдік нарықтан жоғалып кетуі мүмкін.

Commerzbank сарапшыларының ойынша, ЕО-ның эмбаргосы мен Батыстың шектеулері 2023 жылдың басында мұнай нарығындағы жағдайды айтарлықтай қатаңдатып, халықаралық Brent маркасының бағасын алдағы апталарда 95 долларға дейін көтеруі ықтимал. Жұмада бұл сұрып баррелінің құны 85,48 долларға дейін төмендеді.

ЕО эмбаргосының ең үлкен әсері дүйсенбіде емес, ақпанның 5-нен кейін сезіле бастамақ. Өйткені, сол күні Ресейден дизельдік отын сияқты мұнай өнімдерін импорттауға салынған тыйым өз күшіне енеді.

Еуропада әлі де дизельдік отынмен жүретін көлік көп. Бұндай отын тұтынушыларға тауарлардың үлкен ассортиментін жеткізетін жүк тасушы машиналарда және ауылшаруашылық техникасына қолданылатыны белгілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу