2024 жылы "сән-салтанат салығы" енгізілмек

Елімізде шалқыған бай-бағландардың көбейіп кеткені шындық. Бірақ олардың қымбат мүліктерінің мемлекетке де, халыққа да пайдасы шамалы.  

2024 жылы  "сән-салтанат салығы" енгізілмек

Өйткені миллиардтаған теңгені құрайтын қымбат мүліктері үшін қазынаға өтейтін салықтары ауыз толтырып айтарлықтай емес. Соны негізге алған болуы керек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың 1қаңтарындағы халыққа арнаған Жолдауында 2023 жылы жаңа салық кодексі дайындалатынын және "сән-салтанат салығы" енгізілетінін айтты. Сән-салтанат ұғымына бұл жерде шектен тыс шылқыған байлық деген мағына беріледі. Президенттің айтқанында мұнда қымбат жылжымайтын мүліктер мен көліктер меңзелген, ондай салық орта тапты қамтымайтыны ескертілген.

Содан бері мамандар бұл жаңа үрдістің жүзеге асырылу формасын ойластырып жатыр. Жоба бойынша 2023 жылдың ортасына дейін талқыланып бітуге тиіс. Ал күзге қарай ол Парламент мәжілісінде қаралады. 2024 жылдың 1 қаңтарынан "сән-салтанат салығы" алым-салықтың айналымына түседі.

Әзірге нақты қандай көлемдегі байлыққа қанша салық салынатынын ешкім білмейді. Ұсыныстар мен қарастырулар деңгейінде тұр. Жаңа үлгідегі арнайы салық мөлшері мүліктің санына немесе оның құнына байланысты болады. Экономика министрі Әлібек Қуантыров журналистердің бұл мәселедегі сұрағына орай түсініктеме бергендей болды. Жылжымайтын мүлкі көп адам соның екі-үшеуіне әдеттегі салықты төлейді. Ал одан артығына басқа салық төлейтін болуы мүмкін. Мұнда салық не құны, не саны бойынша белгіленеді. Мұның бәрі әрі қарай  талқыланады. Министрдің сөзінше, бұл норманы енгізу тек осы салықты төлеуге қабілетті ауқатты адамдардың қалтасына әсер етеді.

"Жаңа салық негізінен қымбат көліктерге, басқа да сәнді заттарға, мүмкін антиквариатқа, жылжымайтын мүлікке және өзге де бағалы заттарға салынуы мүмкін", –  дейді министр.

Негізінен, дұрыс бастама болса керек. Себебі бір басында ондаған пәтері, жеке ұшағы, тікұшағы бар адамдар арамызда жүр. Неге олардың мүлкінен мемлекетке еселеп салық алмасқа. Үйінде немесе банкте келілеп алтын ұстайтындар, құны миллиондаған доллар тұратын жәдігер заттарды жинайтындар, шет елдерден қымбат үй ғимаратын алуға құмарлар жетерлік болса керек. Сонымен қатар қалаларымызда бір басында ондаған пәтері бар адамдар да аз емес. Шет ел көлігінің ішіндегі аса қымбатын мінбей өмір сүре алмайтындар да аз емес. Міне, осындай байлар үшін өз алдына бөлек салық тәртібі енгізілмек. Одан мемлекетіміз байып та кетпес. Бірақ әйтеуір жаңа тәртіп, әрі байлар тым дандайсып кетпесін дегендік те болар.

Жақында "Отбасы банк" басшылығы бір қызық мәліметті жариялады. Қазақстан бойынша 147 адамның басында 20 және одан көп пәтер бар екен. Міне, салықтың жаңа тәртібіне бірінші болып ілігетіндер осылар. Еліміз бойынша пәтер немесе жеке үй иесінің ұзын-ырғасы 6,3 миллионнан асады, бірақ онда 4,3 миллион отбасы тұрады. Ал бұл халықтың жартысынан астамы ғана баспанаға ие деген сөз. Ал сол 6,3 миллион пәтер иесінің 5,6 миллионының жалғыз ғана пәтері бар. Жалғыз пәтері барлар бүкіл пәтер иелерінің 90 пайызын құрайды.

Екі бөлмелі пәтері барлар 607 мың екен. 717 мың адамның пәтері бірнешеу. Атап айтсақ, 84 394 адамда үш, 16 509 адамда төрт пәтерден бар. Бір басында бес пәтері барлар 4 823, алты пәтері барлар – 1 935, жеті пәтері барлар – мыңға тарта екен.

"Сән-салтанат салығы" шетелдерде бұрыннан бар нәрсе. Мысалы, Францияда байларға салынатын салық мөлшерінің бес түрлі баспалдағы енгізілген. Жылдық табысы 1 миллион евродан асқандар "сән-салтанат салығына" ілігеді. Испанияда жылдық кірісі 700 евродан асса арнайы салық төлейді. Англияда "сән-салтанат салығын" мүлікті сатып алған сәтте бір реттік төлем жасап құтылады. Салықтың мұндай түрі Америкада жоқ екен. Қытайда бұрыннан бар. Бұл елде сәнді қымбат тауарларды сатып алған кезде ол үшін арнайы салықты бірге төлейді.

Қымбат көлік, ұшақ, тікұшақ, қымбат баспанасы мен шет елдерде виллалар мен яхталары барларға, ат басындай алтын ұстайтындарға және иелігінде пәтері көптерге салық мөлшерінің қанша болатыны жақын арада белгілі болып қалса керек. Салық мөлшерінің аз болмағаны, оның меншік иелері сезінетіндей мөлшерде есептелгені дұрыс қой. Оларға "сән-салтанатынан" мемлекетке салық төлеткізудің ешбір сөкеттігі жоқ. Себебі сол сән-салтанатқа мемлекеттің арқасында жетіп отыр. Ал қаншама миллион қазақстандықта вилла түгілі жай баспана да жоқ, кісі есігінде жалданып күн кешеді. Байлардан өндірілген салық мол болып, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталатын болар деп үміттенеміз. 

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу