Әділ қоғам құрудың негізі

130

Жаңа Конституция – ел дамуының жаңа белесін айқындайтын маңызды қадам.    

Әділ қоғам құрудың негізі

Бұл құжат мемлекетіміздің саяси жүйесін жаңғыртып қана қоймай, ұлттың интеллектуалды әлеуетін арттыруға жол ашатын басты кепіл болмақ. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі "Ғылым ордасы" ШЖҚ РМК директоры Ұлар Мұқажанов айтты.

Заң үстемдігі бар жерде ғана әділетті қоғам қалыптасатынын тілге тиек еткен ол бүгінгі таңда әділдікке деген сұранысты нақты іске айналдыратын уақыт келгенін жеткізді.

"Әділ қоғам тек сөз жүзінде емес, нақты іс-әрекет арқылы көрінуге тиіс. Осы тұрғыда жаңа Конституция – Қазақстанның дамуына жаңа серпін беретін стратегиялық қадам. Бұл формалды реформа ғана емес, әр азаматтың күнделікті өміріне оң әсер ететін нақты нәтижелерге бағытталған өзгеріс. Жаңа Конституция ең алдымен адамның құқықтары мен бостандықтарын бірінші орынға қояды. Бұл ел тұрақтылығын нығайтып, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімге жаңа тыныс береді. Себебі мықты мемлекеттің іргетасы тек әділдікпен қаланады", – деп атап өтті Ұлар Мұқажанов.

Сондай-ақ ол Ата заңдағы өзгерістер ел дамуының жаңа бағыттарын айқындап, білім-ғылым және инновация салаларының өркендеуіне жол ашатыны жөнінде ойын сабақтады.

"Осынау тарихи бетбұрыстың тағдыры алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдумда шешілмек. Бұл тарихи сәтте әрқайсымыз белсенділік танытып, өз пікірімізді білдіруіміз қажет. Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде таңдауымды жасаймын әрі сіздерді де маңызды іс-шарадан тыс қалмауға шақырамын", – деді ол.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу