Әкімдер үшін сынақ мерзімі жүйесін енгізу – екіжақты жауапкершілік

Нақты осындай критерий енгізілген жағдайда бұл бір жағынан әкімдердің жауапкершілігін арттырып, тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді деген сенім бар.  

 Әкімдер үшін сынақ мерзімі жүйесін енгізу – екіжақты жауапкершілік

Яғни, белгілі бір уақыт ішінде нәтиже көрсету талабын қою әкімдерді салғырттықтан арылтып, жұмысты ширата түседі деп күтуге болады. Мысал келтіретін болсақ, Қызылорда, Ақмола облысы әкімдерінің жұмыстары көрініп жатыр деп әлеуметтік желіде көп талқылануда. Жол салынып жатыр, Көкшетаудың жағалауына соңғы жылдары бірінші рет құрылыс жұмыстары жүргізілді деп айтылуда. Ал енді Ұлытау облысын алсақ, жергілікті халық ешқандай өзгеріс көрмей жатыр. Су, жол, экология мәселесі шешілмей келеді. Сондықтан да облыс әкімдерінің, республикалық деңгейдегі маңызды қала әкімдері арасындағы алшақтықты арылту үшін бәлкім осындай талап қойған жөн.

Сынақ мерзімі барысында басты макроэкономикалық көрсеткіштерге талап жеке-жеке қойылу керек. Яғни, өңірдің инвестиция көлемі қандай, жұмыс орындары қалай ашылды дегендей. Тек қана сан жүзінде емес, нақты осындай шкаламен есептелетін болса, онда бұл белгілі бір нәтиже беруі мүмкін. Ресми осындай әкімдердің мониторингін жасап, өңірлердің даму деңгейін есептейтін көрсеткіштер жоқ. Меніңше, мұндай талаптың қойылуы халық алдында, орталық билікке өз жұмысының қаншалықты тиімді екенін көрсетуге ұмтылуына мүмкіндік беруі мүмкін. Егер де осындай ашық бағалау жүйесі қалыптасатын болса, нәтижесіз жұмыс істейтін басшыларды дер кезінде ауыстыруға мүмкіндік туатын сияқты. Мұндай ұсыныс түптеп келгенде есептілік пен нәтижеге бағытталатын мәдениет қалыптастырады.

Белгіленген уақыт ішінде нәтиже көрсету талабы әкімдерді жедел табыс әкелетін, бірақ қысқа мерзімді жобаларға көңіл бөлуге итермелейді. Халықаралық тәжірибені қарасақ, саясаткерлер қысқа циклдар кесірінен инфрақұрылым сияқты ұзақмерзімді бастамаларды кейінге ысыруы жиі байқалады. Яғни, ауқымды жобалар шетке ысырылып, оның орнына жақын арада нәтиже беретін басымдықтар таңдалып жатады. Қысқа мерзімді жоспарланған көрсеткіштерге жету мәліметті жасанды көбейтуге әкелуі мүмкін. 

Мысал келтіретін болсам, Қытайда жергілікті басшылардың мансабы көбінесе жалпы ішкі өнім сияқты көрсеткіштерге тәуелді болғандықтан, кейбір басшылары статистиканы қолдан көтермелейтіні байқалған. Қытайдың саяси жүйесі бізге жақын. Кезінде Кеңес үкіметі кезінде де жоспарлы экономика болған. Біз оның жағымсыз салдарын көрдік. Сондықтан екі жылдық сынақ мерзімі осы тәуекелдерді ескеруі керек. Ұзақмерзімді стратегиялық жобалар жоспардан шықпауы тиіс. Бағалау критерийлеріне осыны енгізуге болады.

Бірдей талаптар қоюға келсек, барлығына ортақ жауапкершілік енгізу әділетті. Өйткені, қала, ауыл әкім болсын, бәрі де – саяси қызметкерлер. Сондықтан ортақ қағида жүйенің тұтастығын қамтамасыз етеді. 

Популизм қаупі – қазіргі таңда үлкен дерт. Орнын сақтап қалу үшін тырысатын әкімдер қысқа мерзімде популистік шешімдерге баруы мүмкін. Халықтың көңілінен шығатын, қолдауға ие болатын, адамдарды разы қылатын жобаларға баруы мүмкін. Бұл популистік сипаттағы қауіптерді ескеру керек. Өйткені оның алдын алу үшін бағалау критерийлерін барынша қамтамасыз ету керек. Түптеп келгенде сынақ мерзімі жүйесін енгізу – екіжақты жауапкершілік. Бұл бастама әкімдердің жұмысын жандандырады деп күтуге болады. Бірақ халықаралық тәжірибе көрсеткендей, есептілік пен ашықтық механизмі дұрыс қойылуы керек. Бағалау жүйесі де ашық болуы тиіс.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу