Расында, бүгінде еліміздің көптеген өңірінде жүргізілетін археологиялық қазба жұмыстарына бақылауды күшейту керек. Мысалыға алатын болсақ, Қызылорда облысында орналасқан көне Сығнақ қаласының (Сығанақ емес – автор) орнында 2003 жылдан бастап археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазба жұмыстары барысында көптеген көне ғимарат орындары ашылып, көне қала орнында қаншама жәдігер табылуда. Алайда, сол қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған жәдігерлердің көбі облыстық музейге немесе аудандық музейге өткізілмейді. Біршама ғана қыш-құмыра, ыдыстар, ғимарат қабырғасының өрнекті қаптамаларын ғана музейде кездестіреміз. Сығнақ төңірегінен табылған ең маңызды жәдігер 2020 жылы мавзолей орнын қазу барысында табылған бірнеше алтын бұйымдардан тұратын "Сығнақ ханшайымын" ғана айта аламыз. Қазба барысында табылған қаншама әшейкей бұйым, түрлі металлдардан соғылған тиындар музейлерде жоқ. Біздер, яғни тарихшы-өлкетанушылар үшін мұндай қазба жұмыстары барысында табылған әрбір жәдігердің тарихи құндылығы өте маңызды. Археологтардың қазба жұмыстарын аяқталғаннан кейінгі жазылатын есебін де алу қиынға соғады. Сығнақ қаласында қазба жұмыстарына байланысты жазылған еңбектердің бірең-сараңы ғана интернетте жарияланған, бірнеше еңбек сұрастыру арқылы немесе кездесоқ қолымызға тиеді.
Қателеспесем, 2020 жылы Сығнақ қаласы төңірегінде Қазақстан және Өзбекстан археологтарының бірігіп жүргізген қазба жұмыстары барысында төрт немесе бес мавзолей орны ашылған болатын. Сол қазба жұмыстарының есебін мен таба алмадым. 2022 жылы көне Сығнақ қаласынан 8 шақырым жерде орналасқан Көккесене мавзолейіне қазба жұмыстары жүргізіліп, мавзолей орны ашылып, ондағы сағанаға қойылған адам сүйектері зерттеуге алынған болатын. Нәтижесі осы күнге дейін беймәлім. Көккесене орны ашылу барысында табылған қыштан жасалған бояуы және өрнегі бар қаптамалар да аудан музейіне толығымен өткізілмеді. "Бұл жәдігерлер қайда?" деген сұрақ туындайды. Қазба барысында ашылған кейбір ғимарат орындары қоршалып, олардың төбесі жабылады. Бірақ, уақыт өте олар қараусыз қалып жаңбыр, жел, қар арқылы тозып, бастапқы келбеті жойылуда. Реставрация жұмыстары жайлы әңгіме бөлек.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін