Қайтарылған активтерді басқару компаниясының бас директоры Қуанышбек Мұқаш:
Президенттің "Tүркістан" газетіне берген сұхбатындағы жауабы қоғамдағы басты алаңдаушылықты сейілтті: заңсыз алынған активтерді қайтару тақырыбы бұнымен тоқтамай, жалғаса беретін болады. Керісінше, ол жүйелі мемлекеттік саясат деңгейіне өтуде. Келтірілген деректер атқарылған жұмыстың ауқымын көрсетеді: 1,3 трлн теңгеден астам қаражат қайтарылды; 1 трлн теңгеден астамы мемлекет бюджетін толықтыруға бағытталды; Арнайы қор арқылы бөлінген қаражат әлеуметтік жобаларға жұмсалуда.
Бұл процесте Қайтарылған активтерді басқару компаниясы маңызды рөл атқарады. Өйткені ол активтердің ашық әрі тиімді сатылуын қамтамасыз етіп, оларды қоғам игілігіне айналдыруда. 2025 жылғы 17 желтоқсандағы Президент Жарлығына сәйкес, Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің функциялары мен өкілеттіктері Бас прокуратураға берілді. Комитет Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті болып қайта құрылды. Бас прокуратура заңсыз алынған активтерді қайтару мәселелері бойынша құқық мирасқоры болып танылып, оның жанынан тиісті қызмет құрылып, жұмыс жаңартылған құрылымда жалғасуда.
Комитеттің қайта құрылуы оның міндеттерінен бас тартуды білдірмейді. Қайтару тетіктері уәкілетті мемлекеттік органдардың жұмысына енгізілді, сонымен бірге адал инвесторлардың құқықтарын қорғау күшейтілуде. Мұндай теңгерім әділеттілікті қалпына келтіруге де, бизнес үшін құқықтық болжамдылықты сақтауға да мүмкіндік береді. 2026 жылғы 3 қаңтардағы "Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының шешімдерін орындау және мемлекетке заңсыз алынған активтерді қайтару мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңы активтерді қайтару рәсімдерін нақтылайды, ашықтықты күшейтеді және қайтарылған қаражатты қоғам игілігіне бағыттауға мүмкіндік беретін тетіктерді кеңейтеді.
5 трлн теңгеден асатын инвестициялық келісімдер қарапайым конфискациядан экономиканы және елдің ұзақ мерзімді дамуын қолдайтын модельге көшуді көрсетеді. Осы тұста Қайтарылған активтерді басқару компаниясының жұмысы ерекше маңызға ие: өйткені біз ашық саудаларды, цифрлық рәсімдерді, қоғамдық есептілікті және активтердің қоғам мүддесіне тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеміз. Сол арқылы Компания қызметі әділеттілік пен ашықтыққа негізделген мемлекеттік саясаттың маңызды буынына айналуда.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін