Қазақстан әлемді аузына қарата алмады

Барлығымыз "ЭКСПО" халықаралық жобасының 2012 жылдан бастап "жаһандық, технологиялық және іскери" жобадан бірте-бірте "ұлттық және мәдени" жобаға айналғанының куәсі болдық.  

Қазақстан әлемді аузына қарата алмады

Егер Қазақстан "ЭКСПО-2017" көрмесін өткізу құқына күресу кезінде  инвестиция тартуды және   тым болмаса "ЭКСПО" көрмесі кезінде Астананы әлемнің технологиялық елордасы ретінде танытуды мақсат еткен болса,  ал көрмені ашардың алдында белгілі бір мөлшерде билет сату және ішкі туризмді дамытуды ғана мұрат тұтты.

Көрме өтті, бірақ та еліміздің инвестициялық зор мүмкіндігін пайдаланғысы келетін инвесторлар туралы еш сыбыс жоқ. Әлде бұл  жергілікті БАҚ-тың әзірге жұмған ауыздарын ашпай отырғандығы ма әлде шетелдік басылымдар шындықты жасыра ма?

АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Корея, Германия сияқты әлемнің ірі технологиялық мемлекеттерінің көрмеге қатысып, өздерінің соңғы жаңалықтары мен келешектің технологиялары туралы айтуға дайын мамандарды шақырғанын есепке алатын болсақ, бұл мақсат аса қиын емес сияқты. Бірақ, өкінішке қарай, көрмеге сонау жердің түбінен технологиялық жаңалықтарды көрсету үшін келгендерден гөрі Дю Солей циркі мен мәдени шаралар жайы көбірек сөз болды. Көрме туралы не айтылып, не жазылды? Көбінесе әңгіме көрмеге қатысушылардың саны жайында ғана болды. Бұл ретте компаниялардың аты емес, тек көрмеге қатысып жатқан елдердің аты ғана аталды. Осы арада көрмені мақсат етіп келген технологиялар туралы жазылады деп күту керек пе еді, білмеймін. Шыны керек, мен өзім Қазақстанда  адамдардың өсір сүруіне пайдасы тиетін, ал елдер мен қалаларға келешекке қорықпай жоспар құруға негіз болатын  заманауи жаңалықтар жайында бірдеңе айтылатын шығар деп үміттенген болатынмын. Алайда технологиялық даму мен заманауи технология тақырыбы маңызды болғанымен, Қазақстанда бұл тақырып сөз болмады, осыған қарап, Қазақстанның әлемді аузына қаратып, таңқалдыра алмағаны анық.

Иә, Астанаға көп қаражат салынды. Көрмені өткізудің арқасында жаңа жолдар салынып, ескі жолдар дұрысталып қалды, жаңа қонақүйлер ашылып, әуежайдың жаңа терминалы жұмыс істей бастады. Сонымен қатар жаңа туристік инфрақұрылым құрылды. Бірақ осының бәрі әлемге паш етіп көрсетілмеді. Көрме басталардан бірнеше апта бұрын CNN және Euronews телеарналарында жер шары алдында тұрған баланың ролигі көрсетіле бастады. Алайда роликте көрсетілген осы бейне өз елінің азаматтары мен барлық Еуразия елдері үшін бейбіт келешектің негізін қалап жатқан,  жастары әлемнің үздік университеттерінде оқи алатын, теңдесі жоқ табиғат байлықтары мен инвестицияларға, туристік әлеуетке ие елдің күшті және тартымды брендін жасай алады ма?  Қалай десек те "ЭКСПО-2017" көрмесінің әлемге көрсеткен жарнамалық науқаны осындай болды. Ал көрме өтіп жатқан Астананың өзінде халықарлық жарнама мүлдем болмады. Мұның барлығы түсініксіз, өйткені халықаралық деңгейде ірі оқиға өтетін әлемнің кез келген қаласы оны өзін таныту үшін пайдаланып қалады. Ал біздегілер туристер келгеннен кейін, бәрін өз көздерімен көреді деп қарап отырды. Сонда елге қанша шетелдік турист келді? Оның саны миллиондап  емес, тек мыңдап қана саналып отыр. Яғни осындай "танытудың" өзіндік құны бір адамға 4200 доллардан келеді. Бұл – Еуропадан немесе Азиядан Астанаға келген туристің ұшып келу жолын қоса есептегендегі туристік сапарының бағасы. Егер жалпы шыққан шығынды (2,1 млрд  доллар) көрмеге келген шетелдік қонақтың санына  (500 мың шетелік қонақ) бөлетін болсақ, онда тап осындай сома шығады. 

Соған қарағанда көрмені таныстыру мен оның әкелетін пайдасы туралы проблема алғаш рет көрмені салу бюджетін есептегенде, содан кейін көрмеге қатысушылардың санын анықтағанда ғана ескерілген сияқты. Сонымен бұл мәселе тәмам болғанға ұқсайды.  "ЭКСПО" көрмесін өткізуге дайындық барысында елдің имиджін, Қазақстанның нақты бір бейнесін қалыптастыруға байланысты тақырыптар талқыланған да жоқ. Сонымен қатар  көрменің басты тақырыбы болған Қазақстанның  заманауи технологиялармен  бәсекеге түсе алатын керемет басымдықтары да сөз болмады.

Бұл ұлттық жобаларды атқарушы деңгейде брендинг тақырыбына баса мән берілмегендігін көрсетеді. Елдің тұрақты және позитивті брендін жасау маңыздылығына көптеген басшы әлі күнге дейін мән бермей келеді. Бұл тақырып сан рет айтылып, талқыланып жатса да,  бренд тақырыбы экономикалық тұрғыдан пайда әкелу ретінде қаралмай келеді. Бұл тақырып күшті брендтің  арқасында Қазақстанның экспорттаушыларының алған қосымша экспорттық тауарларының құны жайында емес, керісінше, ұсақ-түйек, логотиптің түрі мен түсін талқылауда көп айтылады.

Биылғы жылы мен модератор болған Астана экономикалық форумының сессиясында Қазақстандағы ұлттық компаниялардың бірінің басшысы: "Егер келіссөз жасау барысында компанияның басымдығы туралы айтудан гөрі елді таныстыруға көп уақыт кететін болса, әлемнің басқа компанияларымен қалай бәсекеле аламыз?", – деп сұраған болатын. Менің ойымша, бәріне осы туралы ойланатын кез келген сияқты.

Күшті бренд дегеніміз – бұл елдің имиджі ғана емес, сонымен қатар елге инвестициялар мен туристер тарту арқылы экспортпен айналысатын компанияның бәсекелесу артықшылығы. Менің ойымша, елдің бренді тәжірибеде Қазақстанның материалдық емес активі болатын кез келген сияқты. 

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу