Батыс елдерінің Қытайға назар аударуы Украинаға тиімсіз болуы мүмкін

1685

Жер жүзіндегі әңгіменің бәрі Украинадағы соғысқа барып тоғысып жатыр.   

Батыс елдерінің Қытайға назар аударуы Украинаға тиімсіз болуы мүмкін

Ал әлемде саясаткерлердің ары-бері жүрістері көбейді. Екі күн бұрын Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путин мен Беларусь президенті Александр Лукашенко кездесті.

Бұл кездесудің мәні түсінікті. Ресей Беларусь елін Батысқа бірге қарсы тұруға көндіріп, жанында ұстайды. Тіпті Беларусь жеріне ядролық қару орналастырып жатыр деген ақпарат тараған. Әрі Финляндияның НАТО-ға мүшелікке кіргені де Ресей мен Беларусь үшін көзге шыққан сүйелдей десе болады.

Сол сәтте Украина президенті Владимир Зеленский Польшаға сапарлады. Әрине, оның іздегені Украинаның қауіпсіздігі.

Ал кеше Франция президенті Эмманюэль Макрон мен Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен Бейжіңге үш күндік жұмыс сапарын бастады.

Олардың іздегені Украина соғысын тоқтатып, бейбітшілікке қол жеткізу. Осы мәселеде Еуропа саясаткерлері Қытай төрағасы  Си Цзиньпиннен үміт күтеді. Қазіргі сәтте Ресей президентіне есін жиғыза алатын және сөзі өтетін адам осы Си Цзиньпин деген түсінік қалыптасқан сияқты.

Зеленскийдің Польшаға сапарының мәні – Батыстың қолдауын күшейту және Украинаның НАТО-ға мүше болуының іргетасын қалыптастыру.  Алдағы шілде айында Литваның астанасы Вильнюсте НАТО елдерінің саммиті өтеді. Зеленскийдің сол саммитте Украина қауіпсіздігінің кепілдігін бекіттіріп алу мақсаты бар. Бұған Польша президенті Анджей Дуда қолдау көрсетіп отыр.

"Вильнюсте өтетін НАТО саммитінде Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік алуға және оның әскери әлеуетін арттыруға әрекет етеміз", – дейді Польша президенті.

Анджей Дуда Польшада қанша МиГ-29 жойғышы болса, соның бәрін Украинаға беруге дайын екенін айтты.

Украина мен Польша Киевке әскери көмектің жаңа пакетіне келісіп, қол қойды. Польша Украинаға KTO Rosomak деген бронетранспортерлерін, Rak қозғалмалы мина атқыштарын, әуе қорғанысы жүйелерін, Piorun зениттік-ракеталық кешендерін, МиГ жойғыштарын және басқа қару-жарақтарды жөнелтетін болды. Зеленскийдің айтуынша, әңгіме көмек пен қолдау жайлы ғана емес, әңгіме қызметтестікте және әскери техникаларды сатып алу форматында иемденуде. Ал бұл екі елдің де қорғанысын күшейтетін көрінеді.

Соғыс басталғалы бері Украинадан босып шыққан халықтың саны 16 миллионнан асып жығылды. Өткен жаз соңында басталған Бахмут үшін шайқас әлі жалғасуда. Украинаның шабуылға дайындық жүргізіп жатқанынан секем алған Ресей билігі өз әскері басып алған Запорожье мен Херсон бағыттарында және Қырымда бекіністерін күшейтуге көшті. Украинаның шабуылын осылай қарсы алмақ. Тіпті Қырымда окоптар мен блиндаждарды бетондап салуда деген ақпараттар бар. Ресей өзінің шабуылын үдетіп бағуда, бірақ нәтиже жоқ. Күніне қырық шақты шабуылы тойтарысқа тап болуда.

Украина осы күні шабуылға 40 мың әскерді дайындауда. Бұл әскерді сегіз шабуылдаушы бригадаға бөлген. Ірі шабуылды осы көктемнің ішінде жасамақ. Әзірге әскерилерді жаңа техникаларды қолдануға үйрету, қару-жарақ пен техниканы жеткілікті етіп түгендеу, әскердің материалдық-техникалық базасын арттыру сияқты жұмыстар қызған. Украина өз әскерінің қатарын толықтырып та жатыр. Әсіресе,әскер қатарына өз еркімен сұранғандар  көп. Олардың басым бөлігі бұрын мерзімдік әскери қызметтен өткен сарбаздар. Өз еркімен қосылғандардың ішінде бұрын әскери қызметті атқармағандар, тіпті қыз-келіншектер де бар көрінеді. Әскерде болғандарды екі айда, болмағандар мен қыз-келіншектерді төрт айда соғыс қимылдарына сақадай сай етіп дайындап шығаратын болыпты.  Батыс елдері де, АҚШ та Украинаға тағы қосымша әскери техниканы жөнелтуді бастағалы отыр.

Бұл күндері Қытайдың Еуроодақтағы тұрақты өкілі Фу Цун New York Times басылымына сұхбат берді.

Сұхбатында ол Ресейдің Украинға басып кіргенін Қытай қолдамайтынын, Ресейге әскери көмек беріп жатпағанын, Қырым мен Донбасстың және басқа аумақтардың аннексиясын Бейжің мойындамайтынын айтты. Ресейдің Украинаға басып кіруіне Қытай қарсылық білдірмегені белгілі. Мұның себебі ретінде Фу Цун  Ресейдің НАТО-ның шекарасы кеңеюінен қорғанып соғысуы деген уәжге Бейжіңнің түсіністікпен қарағанын келтіреді. Оның пікірінше, мұның себебі Батыстағы көшбасшылардың айтып жүргенінен әлдеқайда тереңде жатыр. Қытай төрағасы Си Цзиньпин өткенде Мәскеуде болғанда сол жерден Зеленскиймен онлайн форматында сөйлесетін болған еді. Бірақ сол кезде олай болмады. New York Times басылымына берген сұхбатында Фу Цун осы жайтқа да тоқталыпты.

"Си Цзиньпиннің осы уақытқа дейін байланысқа шықпағанына алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл жағдай Қытай Ресейді қолдайды дегенді білдірмейді. Қазір оның қолы тиіп жатқан жоқ", – деген Фу Цун.

Франция президенті мен Еурокомиссияның төрайымы Бейжіңге барғанын жоғарыда келтірдік. Олар Украинада бейбітшілік орнатуда Қытай маңызды рөл атқара алатынын айтады. Қытайға жолға шығар алдында Франция президенті Эмманюэль Макрон АҚШ президенті Джо Байденмен телефон арқылы сөйлесіпті. Олар Украинадағы қантөгісті тоқтатуда Қытайдың рөлін талқыға салып, соғысты тоқтату мәселесіне Бейжіңді мейлінше тартуға дайын екендіктерін білдірген.

Макрон Ресей  мен Украина арасындағы әскери жанжалды шешу мақсатында Қытай Ресей президенті Владимир Путинге ықпалын өткізуі тиіс екенін мәлімдеді. Ол Ресеймен арасындағы байланысы тығыз болғандықтан Қытай бейбітшілік орнатуда едәуір рөл атқара алатынын айтты.

"Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына, соған сәйкес елдердің егемендігі мен бір тұтастығына  құрметпен қарайтынын Қытай көрсетті", – деді Макрон.

Франция президенті Қытай төрағасы Си Цзиньпинді Ресеймен алыстан сыйласуға және оған қару-жарақ бермеуге көндіруден үмітті. Бұған дейін ол Қытайды Украинадағы соғысқа әсер ете алатын бірден бір мемлекет деп атаған. Макронның Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен ханымды ертіп алуының да өзіндік мәні бар. Бейжіңге айтар сөзіміз бүкіл Еуропаның атынан бағышталған болсын дегені. Ал бұған дейін Урсула фон дер Ляйен Қытайды Ресеймен ағайындай тым жақын деп сынап, Қытайдың "Бейбітшілік жоспарын" Украинаның мүддесіне сай емес деп жаратпаған. Еуропа Қытайдың экономикасына тәуелді болмауы керек, экономикалық қарым-қатынастағы тәуекелдерді төмендетеміз деген.

Ал бұл жолы  Эмманюэль Макрон Еуропа елдерін Қытаймен экономикалық қатынасты қалыпты жағдайда ұстауға шақырды. Не керек, Батыс Бейжіңге қолқа салып, Украинадағы соғысты тоқтатуға араластырмақ ниетте. Бірақ бұл қадам Украинаға аса ұнап та жатқан жоқ деген әңгіме де бар. Егер соғыс қазір тоқтаса, оның немен тынып тоқтайтыны бұлыңғыр. Егер тоқтаса, Украинаның бір бөлігі Ресейдің қанжығасында қала ма?  Әлде он немесе жиырма жылға уақытша тоқтай ма?

Украина мұның екеуіне де көнбейді. Украинаның талабы – Ресейдің барлық жерден кетіп, 1991 жылғы шекарадан ары асуы, Қырымның да толық қайтуы. Соғысты уақытша тоқтатуды да Украина керек етпей отыр. Проблеманы болашақ ұрпаққа қалдырғылары келмей, қазір шешуге бел байлаған. 

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу