Істі кейінге қалдырмай, Қазақстан делегациясы да Ауғанстан үкіметінің мүшелерімен қол алысуға Кабулға барды. Еліміздің сауда-экономикалық миссиясының делегациясын ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бастап барды. Жұмыс сапарына министрмен бірге оның қоластындағы қызметкерлер және экспортты ілгерілету жөніндегі оператор – QazTrade компаниясының өкілдері ілесіп барды. Олардан бөлек, бірқатар экспорттаушы компанияларымыздың адамдары да көшке ілесті.
Қазақстандықтардың Кабулға сапары әп дегеннен-ақ жемісті нәтижелерге ұласты, кездесулер ойдағыдай өтті. Келіссөздер Ауғанстанның премьер-министрі, Сыртқы істер, Сауда және өнеркәсіп министрлері лауазымдарындағы адамдарының деңгейінде өтті. Делегациямыз құр қол бармай, гуманитарлық көмек тарту етті. Қазақстан президентінің тапсырмасымен көмек ретіндегі 5 мың тонна ұн бөлінді, делегацияның өзі 1,5 тонна дәрі-дәрмек ала барды. Одан бөлек, Қазақстаннан 155 тонна шамасындағы немесе 1,9 миллион доллардың азық-түлігі мен дәрі-дәрмегі салынған жүк жолда бара жатыр.
Қазақстан БҰҰ-ның Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысты еңсеру жөніндегі шараларға белсенді қатысып отырғаны Ауғанстан билігіне жеткізілді. Бұл мақсатта Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы 20 мың тонна қазақстандық ұнды сатып алған. Біздің делегациямыз екіжақты сауда-саттықтың бұрыннан қалыптасқан көлемін де, тауарлар тізбесін де сақтап, осыны ары қарай жалғастыруға және ұлғайтуға мүдделі екенін ашық айтты. Себебі Қазақстан Ауғанстанға ұн мен астықты жеткізуші басты мемлекет. Қазақстандық ұн экспортының жартысынан астамы және астық экспортының 10 пайыздан астамы тек Ауған нарығына бағытталып келген. Ал биыл Ауғанстандағы төңкерістің салдарынан екі арадағы тауар айналымы едәуір төмендеген. Жылдың басынан бері ол небәрі 345,9 миллион долларды құрады. Ол жаққа бізден жеткізілетін экспорт 28,1 пайызға құлдыраған. Тауар айналымы 2020 жылы 622,6 миллион долларын құраған болатын, бұл қазіргіден 54,9 пайызға артық.
Біздің елдің жоспары тауар айналымын арттыру. Сол мақсатта Ауғанстанға экспорттау үшін 360 миллион доллардың 45 түрлі тауары белгіленген. Олар – тамақ, мұнай-химия, химия, металлургия, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, ағаш өңдеу сынды салалардың өнімдері. Экспортымыздың әлеуетін осы тауарлармен ұлғайту туралы бастамамызға Ауғанстан үкіметі қолдау танытты. Ал Ауғанстаннан біздің елімізге көкөніс пен жеміс-жидек тасымалдануы мүмкін.
Кездесулердің барысында қазақ-ауған бизнес-форумы өтті. Оған Қазақстаннан 16 өнім өндіруші компания қатысты. Ал кездесулер мен бизнес-форумның нәтижесінде Ауғанстанға макарон өнімдерін, ұн және басқа да азық-түліктерді жеткізу бойынша меморандумдарға қол қойылды.
Өз кезегінде тәліптердің үкіметі Қазақстанмен сауда палатасын құруға және екі ел арасында әуе дәлізін ашуға ынта білдірді. Олар да сауда-саттықты ұлғайтқысы келетінін және Ауғанстаннан Қазақстан банктерінің филиалдарын ашуды қалайтындарын жеткізді.
Әрине, осының бәрі ойдағыдай іске асып жататын болса, қанеки! Егер Ауғанстанның жаңа үкіметі әлеммен тіл табысса жағдайы жылдам жақсаратыны рас. Ал бізге де нарық ретінде сауда-экономикалық қарым-қатынасқа қабылетті, қаржысы жеткілікті елдер керек. Ауғанстан бірінші кезекте ұнымызды тасымалдайтын аумақ. Ол елде тыныштық орнаса бізбен арадағы сауда-саттық та, импорт-экспорт та жақсы жолға қойылып кететін болса керек. Өйткені бізбен алыс-берісті тоқтатпауға бірінші кезекте тәліптердің өздері мүдделі.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін