Назар аударар ең басты мәселе – Ресей экономикасының әскери уақытқа бейімделе бастайтынында. Яғни осылайша, ресми түрде Ресей билігі әскери-өнеркәсіптік кешенге басымдық берді. Ең жаманы, бұл басымдық қарапайым, яғни Ресейдің азаматтық экономикаға кері әсерін тигізеді.
Екіншіден, соғысқа баратын 300 мың адамды айлықпен қамтып, киімін кигізіп, тамағын беріп, қаруын қолына ұстату керек. Демек бюджетке қосымша шығын келеді. Ресейдің қазіргі бюджетінің онсыз да "шекесі қызып тұрған жоқ". Ресей билігіне рубльді көбірек басып шығаруына тура келеді. Олар рубльді көптеп басып шығарғаннан кейін, долларға шаққанда ресейлік валютаның бағасы төмендей береді.
Қазақстан үшін қандай қауіп бар? Қазақстан билігі ең бастысы, рубльдің соңынан әдеттегідей теңгені де әлсіретеміз деп алашапқын болмаса екен. Әйтпегенде, "спиральге түсіп кетеміз" деп ескертеді. Рубльдің құны онсыз да қазір нарықтық сипаттан ауытқып кеткен. Егер рубльдің артынан ілесе берсек, мұның салдары Қазақстан экономикасы үшін ауыр болады. Қалайша десеңіз, ресейлік тауарлар қатты қымбаттап кетеді.
Экономикалық тұрғыдан әлбетте, Ресей азық-түлік импортын тоқтатады деген қауіп бар. Тіпті Қазақстанға шығаруға тыйым салуы мүмкін. Артынша олай болса, ресейлік тауарлардың бағасы біздің нарықта тағы шарықтап шыға келеді. Біз дәрі-дәрмек жағынан Ресейге біршама тәуелді елміз. Әлбетте, бізде дәрі-дәрмекті таңдау жағынан мүмкіндігіміз бар шығар, бірақ ең арзанын қазір сол Ресейден алып отырмыз. Меніңше, Ресей шекарасын жаба бастаса, бұл жағдайдың өзінің ықпалын азық-түлік, дәрі-дәрмек жағынан біз бір айдың ішінде сеземіз.
Ресейден шетелдік компаниялардың шығуы жылдамдайды. Бұған дейін Ресейде мыңдаған шетелдік компания жұмыс істеп келген. Көбі "біз бұдан былай Ресеймен істеспейміз, қазір келісімшартты бітіріп, кетеміз" деп отыр.
Шын мәнінде, олар осы күнге дейін нарықты жоғалтпай, кеткісі келмей отырған. Енді сол компаниялар ақыры нарықтан не болса да кету жағын ойластырып отыруы мүмкін. Қазақстан сол компанияларды өзіне қабылдау мүмкіндігін құр жібермеу керек. Алайда бұл өте қиын шаруа. Өйткені біздегі су мен инфрақұрылым, жер өз компанияларымызға жеткіліксіз.
Қазақстанға персоналын шығарып жатқан шетелдік компаниялар мұнда келсе де, ресейлік нарыққа қызмет көрсетуін жалғастырады. Алайда олар осында келіп, жұмыс істесе де, жұмыстан біреуді қысқарту керек болса, қазақстандық персоналды алдымен босатады. Өйткені Қазақстан нарығы шағын. Батыс Еуропаның бір компаниясы мәселен, Қазақстан немесе Ресей нарығын таңдау керек болса, екіншісін қолай көретіні анық.
Қазақстан мен Ресей ішкі істер саласы, прокуратура жағынан өте жақсы қарым-қатынаста. Ресей тарапы халықтың көшуіне мүдделі емес. Сол себепті бері көшкісі келетіндерге мобилизациядан қашып тығылатын ел Қазақстан емес екенін түсінуі керек. Өйткені мұнда олар ЖСН аша алмайды. Олар бізге ағылған жағдайда Ресейдің әскери прокуратурасынан хат келіп, оларды жиып алып кетеді. Ресей тарапы бізден сұраса, біз бас тарта алмаймыз ғой.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін